Алматыдағы технология паркі мен саяжай тұрғындары жолды бөлісе алмай отыр

Алматыдағы Инновациялық технология паркі мен Алматы облысына қарасты саяжай тұрғындары жолды бөлісе алмай отыр. Саяжайда тұратын жұрт осыған дейін арнайы экономикалық аймақтан өтетін асфальт арқылы қатынап келген. Енді сол жолды еркін экономикалық аймақ әкімшілігі жауып тастаған. Ал саяжайда 200-ге жуық отбасы бар.

Саяжай тұрғындары 5 айдан бері осылай сабылып жүр. Олардың бір ғана талабы бар. Технопарктің аумағы арқылы өтетін жолды ашып беруді сұрайды. Оның іргесіндегі аумақта Алатаудың еркін бағы және Алмасай саяжайлары орналасқан. Бұған қоса 3 шаруа қожалығы және бар. 5 жыл бойы емін-еркін қатынап келген саяжай тұрғындары еркін экономикалық аймақ әкімшілігінің жалғыз жолды жауып тастағанына түсінбей дал.

Сәдуақас Найзабеков, саяжай тұрғыны:

- Қазір жүріп жүрген жоқпыз, жаяу келіп жүрміз. Жазда ашық болған. 5 ай болды жауып қойғанына. Күн жылыда өтіп жүрдік полемен. Қазір өте алмаймыз, жаңбыр жауды. Енді тағы бір жауса ешкім де өте алмайды. Жаяу ғана өту керек.

Тұрғындардың айтуынша, әзірге әкімдерден қайыр болмай тұр. Саяжай қауымдастығына тиесілі жер Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан. Ал арнайы экономикалық аймақ Алматы қаласының Медеу ауданына қарайды.

Зарина Ержанова, саяжай тұрғыны:

- Әкімдер келді. Талғар ауданының, Медеу ауданының әкімдері келді. Келеді. Кетеді. Ешқандай ол кісілерден кейін шешім қолданбайды. Мына жақта 5 ай бойы балаларымыз бар. Жақын арада екіқабат әйел босанды. Үйде босанды. Өйткені скорый ішке кіре алмайды. Пожар болды. Бізге көңіл аудару үшін трагедия керек шығар.

Саяжай тұрғындары түгелдей аурухана мен балабақшаға осы маңдағы Алатау ықшам ауданына келеді. Қалаға да қатынайтын осы жол. Мәселеге қатысты арнайы экономикалық аймақ өкілдерінің өз айтары бар.

Азамат Есенбай, компания заңгері:

- Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. Арнайы экономикалық аймақ деген бұл кедендік бақылау аймағы, тиісінше Еуразиялық экономикалық одақ аймағы. Арнайы экономикалық аймаққа кіру тәртібін реттейтін нормативтік құжат бар. Соған байланысты оған тек оның қатысушылары ғана кіре алады. Саяжай Талғар ауданына қарайды. Жол мәселесін сол жақтың әкімдігі шешіп беруі керек деп санаймыз.

Технопарк басшылығының айтуынша, Талғар ауданы жолдың арнайы экономикалық аймақ арқылы өтетінін білсе де ешқандай іс шара қабылдамаған. Расында аудан әкімдігі әзірге жол туралы мәселе қозғап отырған жоқ.

Асхат Досжанов, Талғар ауданы әкімдігінің аппарат басшысы:

- Автомобиль жолдары туралы заңға сәйкес бұл жол жалпыға ортақ. Сондықтан бұған дейін проблема болған жоқ. Бұл мәселе осы тамыз айынан бері ушығып кетті. Мұнымен Алматы қаласының әкіміне, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер департаментіне және технопарк басшылығын хабардар еттік. Саяжай тұрғындары емін-еркін жүріп тұрсын деп хат жаздық. Бірақ осы уақытқа дейін жауап жоқ. 

Енді жауын-шашын көбейеді. Одан әрі қыс келеді. Ол кезде алқап арқылы жүретін айналма жол туралы сөз қозғаудың өзі артық. Десе де, саяжай тұрғындарының соңғы үміті халық үніне құлақ асатын мемлекетте. Олар аудан әкімдігі мен технопарктен жол мәселесін тездетіп шешіп беруді сұрайды.

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон