Қазақстандағы әлеуметтік сауалнамалардың сапасы сын көтермейді

Елде жүргізілетін әлеуметтік сауалнамалардың сапасы көңіл көншітпейді. Бұл туралы бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтанушылардың 7-конгресінде айтты.

Зерттеу жүргізуге шақырылатын ұйымдарды іріктеу кезінде барлық кәсіби талап ескерілмей қалады. Осы орайда Парламент Сенаты Талдау мектебін ашып, білікті мамандарды даярлау туралы идеяны қолдап отыр.

Мәулен Әшімбаевтің пікірінше, әлеуметтанушылар өз қызметін әлемде болып жатқан өзгерістерге сай атқаруы тиіс. Олар цифрлық технологияларды кеңінен пайдаланып, Big Data талдау тәсілдерін енгізуі керек.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мемлекет басшысы қыркүйек айында жариялаған Жолдауында тәуелсіз әлеуметтік зерттеулердің маңызы зор екенін айтты. Президентіміз тәуелсіз әлеуметтік сауалнамалар әкімдердің жұмысын бағалаудың маңызды тетігі болуы керектігіне де тоқталып өтті. Биліктің жұмыс сапасына қатысты халықтың шынайы көзқарасын осындай зерттеулер беруі қажет. Бүгінде мемлекеттік саясатта әлеуметтік қолдауға деген сұраныс байқалады. Ал мемлекеттік институттардың тәуелсіз, шынайы және сапалы әлеуметтанумен айналысқаны жөн.