434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қарағандылық өрт сөндіруші ұлттық өнерді жаңғыртуға өз үлесін қосып жүр

  • 94
  • UPD: 12:16, 16.10.2021

Қарағандылық өрт сөндіруші қолы қалт етсе ат-әбзелдерін жаңғыртып, айыл-тұрман жасайды. Ата кәсіпті жанына серік еткен Бағлан Мырзаханов қызметте де өжет. 

Бір тәулік жұмыс істеп, үш күн үйде болатын Бағылан Мырзахановтың әр сағаты санаулы. Осыған қарамастан ереуіл атқа ер салып, сайын даланың төсінде қой бағып өскен ұл қаланың күйбең тірлігінен бір сәт жалыққан кезде қайыс илеп, қамшы өруге уақыт табады.

Бағылан Мырзаханов, өрт сөндіруші:

– Мен осы өнерді бала кезден қызығушылық танытып, әкемнен үйрендім. Мынау жүген мықты қайыстан жасалған. Қазіргі заманда тобылғы саптар табылмайтын саптар, менікі нарыққа шығарып жатқан жоқпын, сыйлыққа, туыс, достар мен таныстарға жасап беремін.

Бағылан Майқұдықтағы 11-ші өрт сөндіру бөлімінде 6 жылдан бері қызмет етіп келеді. Құтқарушылық қызметке тосыннан емес, жасынан армандап келген. Сондықтан қызыл жалынмен арпалыста қашанда қырағылық танытады дейді әріптестері.

Қуаныш Мұқашев, №11 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары:

– Осы тамыз айында үлкен өрт болды жиһаз шығаратын фабрикада. Сонда біз барып, Бағылан қарауыл басшысымен бірге кіріп, 20 минутта өртті жойды. Сонда Бағылан өзін шебер қызметкер ретінде қызметтік тәжірибесін де, батырлығын да көрсетті.

Бағылан қызмет ететін өрт сөндіру бөлімі Қарағандының ең ірі аудандарының біріне жауапты. Күніне кемі 5-6 жерден жедел шақырту түседі. Ол тек өрт сөндіру емес құтқару операциялары да болуы мүмкін. Осының бәріне жедел үлгеріп, адам жанына араша түсетін құтқарушы алдағы уақытта өз білгендерін басқаларға үйретуге ниетті.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

 

Хабар 24 телеарнасы