Биыл Ақтаудағы апатты жағдайда тұрған 63 ойын алаңы жөнделеді

Ақтаулық тұрғындар үй алдындағы ойын алаңдарының қазіргі күйіне алаңдаулы. Олардың айтуынша, сынған әткеншектерге мінген балалар қол-аяғын жарақаттайды. Кейбір алаңқайлар соңғы жылдары мүлдем жөндеу көрмеген. Қала билігі бұл мәселеден хабардар. Енді жыл соңына дейін 63 ойын алаңын бастан-аяқ қалпына келтіруге уәде етіп отыр.

Бұл 27 шағын аудандағы ойын алаңы. Тұрғындардың айтуынша, 2 жыл бұрын жақсы жағдайда болған. «Қазір қоршауы сөгіліп, резеңке жабындысының сау-тамтығы қалмады. Жазатайым бала құлап, мертігеді ме деп уайымдаймыз» – дейді олар. Әкімдікке бірнеше рет хабарласып, көмек сұрапты.

Серік Байниязов, қала тұрғыны:

– Жаңылыспасам, 2014 жылы салған болатын. 2-3 жылдың арасында қоршаулары құлап бастады. Сымдары талай балалардың көздеріне кіріп кете жаздады. Фотоға түсіріп, әкімшілікке жіберген болатынмын. Адамдары осы жерге келіп, қараған болатын. Бірақ бюджетке біздің аула кірмей қалған.

Ханзада Сұлтанмұрат, қала тұрғыны:

– Балалар жаз бойы осы жақта футбол, волейбол ойнайды. Отырғыштары болады, олардың барлығы сынып тұр. Кішкентай балалар сүрініп құлап кетеді.

Тұрғындармен тілдесіп тұрған сәтімізде жұмысшылар келіп, балалар алаңқайын қалпына келтіруге кірісті. Жалпы қала аумағында ұзақ уақыт күтім көрмеген ойын алаңдары көп. Мұны әкімдік өкілдері де мойындайды. Өзекті мәселені шешуге демеушілердің көмектесіп жатқанын айтты. Биыл жеке компания бөлген қаржы жылдың соңына дейін 63 ойын және 22 спорт алаңын жөндеуге жұмсалады.

Әнуар Төлеков, Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Қазіргі таңда 5-шағын ауданда абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде 63 балалар ойын алаңы жөндеуден өткізілетін болады. Жаңадан салынатын болады. Бұдан бөлек, осы жылы бюджет қаражатына 6 балалар ойын алаңы салынған болатын және 2 воркаут-тренажерлар халықтың сұрауы бойынша салынды.

Келер жылы 10 балаларға арналған және 10 спорт алаңын салу жоспарда тұр. Қай шағын аудандарға қойылатыны да бекітілген. Бұл тізімде 27 ықшам ауданы да бар. Айта кетейік, биыл Ақтауда ойын алаңынан бала құлап, ауыр дене жарақатын алу дерегі тіркелген жоқ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев