434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Дене шынықтыру мұғалімдеріне секция жұмыстары үшін қосымша ақы төленетін болды

  • 179
  • UPD: 15:39, 16.10.2021
Дене шынықтыру мұғалімдеріне секция жұмыстары үшін қосымша ақы төленетін болды

Бүгін елордадағы Binom education мектебінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұлттық мектеп спорт лигасының салтанатты ашылуына қатысты.

Әуелі министрлер мектеп жетекшісімен бірге оқу орнымен танысты. Осыдан кейін лиганың ашылыуында сөз сөйлеп, білімгерлерге сәттілік тіледі.

Ақтоты Райымқұлова биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізіліп жатқан дәстүрлі бәсекенің бұқаралық спортты дамытуда, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырудағы алар орны ерекше екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше тоқталып өтеді. Ел арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмысты ұдайы назарда ұстап, тапсырма беріп отырады. Бұқаралық спортты дамытудың негізгі бағытының бірі мектеп спорты. Осы ретте дәл осындай мектеп лигаларын ұйымдастырудың арқасында жасөспірімдер спорты дамып жатқанын атап өткім келеді. Жалпы мектеп лигасын өткізудің қоғам үшін пайдасы көп. Аталған лигалар өскелең ұрпақтың денсаулығын жақсартуға жағдай жасайды. Суицид, есірткі және балалар арасындағы қылмыс сынды көптеген әлеуметтік мәселенің тамырына балта шабуға мүмкіндік береді. Қазір орта мектептерде түрлі спорт түрінен секциялардың саны арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгінде еліміз бойынша осындай 45 мыңнан астам секцияда 900 мыңға жуық мектеп жасындағы бала спортпен шұғылданады», –деді Мәдениет және спорт министрі.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова елімізде бұрыннан жылдам қимылға құрылған спорт түрлеріне қызығушылық жоғары екенін, осындай лигалардан шыққан талай шебер халықаралық чемпионаттарда табысты өнер көрсетіп, Қазақстанда бұқаралық спорттың жолға қойылғанын паш етіп келе жатқанын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Іс-шара соңында Ақтоты Райымқұлова мен Асхат Аймағамбетов волейбол, асық ату сынды спорт түрінен алғашқы жарысты тамашалады.

«Мұндай іс-шаралар балаларымызды спортпен айналысуға ынталандыру, соның ішінде қазақ халқының асық ату және тоғызқұмалақ сынды дәстүрлі спорт түрлеріне баулуға бағытталған.Бүгін мектеп оқушылары асық ойнап жатқанын көріп, риза болдым. Балалық шағымда бұл ойын біз үшін футбол сияқты танымал ойындардың қатарында болатын. Сондай-ақ балалар волейбол, баскетбол, футбол, футзал, үстел теннисі, жеңіл атлетикалық кросс және басқа да спорт түрлерін таңдай алады. Министрлік мектеп және студенттер спорт лигаларын өткізу шараларын қолдайды. Біз спорт секцияларының жалпы санын 50 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Балаларды секциялармен қамту олардың тәлімгерлеріне де байланысты. Сондықтан спорт секцияларын жүргізетін дене шынықтыру мұғалімдеріне жұмыстары үшін ай сайын қосымша ақшалай қаражат төленетін болады», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы «Студенттер және оқушылар лигаларын қалыптастыру, студенттер мен оқушылар лигалары арасында спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы» №549 бұйрығы негізінде білім беру ұйымдарында спорт түрлерінен лигалар өткізіліп келеді.

Мектеп лигалары арасындағы жарыс 5-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырлады.

Ұлттық мектеп лигасы кезеңдер бойынша өткізіледі:

1) жыл сайын қыркүйек пен қазан аралығында білім беру ұйымы өткізетін іріктеу кезеңі;

2) өңірлік ұйымдастыру комитеті жыл сайын келесі жылдың қарашасынан сәуіріне дейін өткізетін аудандық кезең;

3) облыстық және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары жыл сайын сәуір айында өңірлік ұйымдастыру комитеті өткізетін кезең;

4) республикалық ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі – республикалық комитет) жыл сайын мамыр–маусымда өткізетін республикалық кезең.

2018 жылы ұлттық мектеп лигасы спорттың 8 түрінен (футбол, баскетбол, волейбол, футзал, гандбол, теннис, жеңіл атлетика, ұлттық спорт түрлері) өтті.

I кезең – мектепішілік жарыстар (2017 ж. қазан - желтоқсан) - 1 342 123 оқушы қатысты;

II кезең – аудандық (қалалық) жарыстар (2018 ж. ақпан-сәуір) 300 000 оқушы қатысты;

III кезең – облыстық, Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары (2018 ж. сәуір - мамыр) 10 000 оқушы;

IV кезең – республикалық жарыстар (2018 ж. мамыр-тамыз), оған 1638 қатысушы / 118 команда қатысты.

Биыл ұлттық мектеп лигасы спорттың 9 түрінен (волейбол, баскетбол, футбол, футзал, гандбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, асық ату, бес тас, президенттік көпсайыс) 48 жарыс өткізіліп, оған 4244 оқушы мен 472 команда қатысты.

Хабар 24 телеарнасы