Қарағандыдағы қағаз комбинатының қоршаған ортаға зияны көп

Қарағандыда қағазды қайта өңдейтін комбинат өкілдері мен тұрғындар арасында дау ушығып тұр.

Кәсіпорын ашылғанда халық қуанған. Алайда өндіріс іске қосылғалы осы маңдағы шағын көлшік лайланып, айналаны күлімсі иіс жайлап алған.

Жергілікті тұрғындар қолқаны қабатын иіске уланып болдық, оның үстіне көлшіктегі су күн сайын лайланып, мал ауыз салмайтын болды деп ала жаздай шағымданған. Кейін мәселеге облыстық қоғамдық кеңес араласып, мәселенің анық-қанығын анығын біле бастайды. Артынша экологиялық департамент өкілдері де тексеруін жүргізеді. Белгілі болғандай, кәсіпорын өкілдері ұзындығы 70, ені 5 тереңдігі 6 метрге жуық арықты өз бетінше қазып алған.

Аян Оспанов, облыстық экология департаментінің бас маманы:

– Тексеру барысында анықталғаны кәсіпорын жұмысында су пайдаланады. Оның циклі айналмалы. Пайдаланады, артық су қазып қойған котлованға ағызылып, қайта алып отырған. Тексеріс барысында қазған котлован, төккен судың еш рұқсаты жоғын анықтадық.

Гүлнар Құрбанбаева, Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Бұл көлшік табиғи емес, шахтаның орнында пайда болған су. Салдарынан метанмен араласып осындай жағымсыз иіс шығарып тұр. Енді ол табиғи түрде ғана ақырындап қалыпқа келуі мүмкін. Ал зауыт енді тек талапқа сай жұмыс істейміз деп отыр. Яғни экологиялық нормаларды сақтап, су пайдалану жүйесін жасамақ.

Кәсіпорын өкілдері экологиялық заңнамаларды білмей қалдық деп, жауаптан жалтармақ. Осыған қарамастан әкімшілік заңнаманың бірнеше бабы бойынша жауапқа тартылып, 2 млн теңгеге жуық айыппұл төлепті.

Вадим Гороховский, целлюлоза-қағаз комбинатының директоры:

– Бір тонна қағазды қайта өңдеу үшін кемі 25-30 тонна су керек. Біз суды циклді түрде қайта пайдаланып отырамыз. Қазір артық қалған су кәсіпорында қалып, тазартылып отырады. Мына көлшікке қазір мүлде қатысымыз жоқ. Қазір арнайы жоба жасап, мына жерді толық қалыпқа келтірмекпіз.

Бұдан бөлек, экологиялық департамент тарапынан Қарағанды қағаз комбинатына заңсыз әрекетін тоқтату бойынша талап арыз жіберілген. Ол сотта қаралып жатыр. Егер шешімі экологтар тарапына шешілсе, кәсіпорын нормаға қайшы келетін барлық жұмыстарын жөндемегенше жұмысын тоқтатуына тура келетін болады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев