Елорда маңындағы елді мекендер таза судан тарығып отыр

Тұрғындар тіршілік нәрінің тапшылығына құрылыс жұмыстары кінәлі дейді.

Ел астанасынан 30 шақырым жердегі Қараменді батыр ауылында карьер қазылып, салдарынан жер асты сулары жоғалып бара жатқан көрінеді.

Елордадан 30 шақырым жерде орналасқан Қарамеңді батыр ауылының тұрғындары тұщы суға жарымай отырмыз деп дабыл қақты. Су жоқ емес бар, тек елді мекен маңынан карьер қазып топырақ алынып жатыр, есесіне тіршілік нәрі жоғалып барады. 2018 жылы геологиялық барлау кезінде мұнда жер асты суларының үлкен қоры табылған.

Жақсылық Өтешов, ауыл тұрғыны:

– Біздің мал бағып күн көріп жатқан жерімізге карьер жақындап келеді. Мына су құрып жатыр. Құдығы бар үйлердің суы жоқ боп кетіп жатыр. Біздің елдің халқын жинап сұраған ешкім жоқ.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

– Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жерде екі ай бұрын жазық дала болған. Ал қазіргі көріністі көріп тұрсыздар. Айналаның барлығынан қазылып құм алынып жатыр, ал қарапайым жұрт ауыз суға жарымай отыр.

Карьер қазып жатқандарда рұқсат бар. Тек ол 2016 жылы алынған. Ал тұщы су бұл маңнан беріде табылыпты. Жұмысты тоқтатып, басқа шешім іздеудің орнына қазу жұмыстары қарқын ала түскен.

Біржан Қасымбеков, Ақмола облысы аймақтық инспекция басшысы:

2018 жылы қорда су бар екені белгілі болды. Одан бері ешқандай мониторинг жұмысы жасалған жоқ.

Қараша халықтың өтініші біреу-ақ. Орталықтандырылған суды да сұрамаймыз, тек құдықтағы тіршілік нәрінен айырылып қалмасақ болғаны дейді. Себебі карьер астынан шығып жатқан сумен 35 мың тұрғынды яғни 19 ауылды 25 жыл бойы қамтамасыз етуге болады екен.

Гүлзия Нақыпқызы, Артур Горшняков