ШҚО-ның Зайсан ауданында биыл 100-ден астам отбасы қоныс тойын тойлайды

Шығыс Қазақстан облысында көп балалы отбасылар мен тұрмысы төмен халықты баспанамен қамту мәселесі біртіндеп шешіліп келеді.

Мәселен, Зайсан ауданында ғана былтыр 36 пәтер қолданысқа берілген. Ал биыл тағы 100-ден астам отбасы қоныс тойын тойламақ.

Зайсандық Байгүл Молдаспанова Алтын алқа иесі, батыр ана. 20 жылдан бері лайықты баспана болмағандықтан қиындық көп көргенін айтады. Енді міне кең де жарық 3 бөлмелі жаңа үйдің кілтін алып, армандары орындалыпты. Бұл үйде көгілдір отын мен сапалы ауыз су да бар.

Байгүл Молдаспанова, көп балалы ана:

- 1997-ден бері времянкада тұрдық өзіміз салған. Сонда 2 бөлмелі үйде жаттық қой, ойлайтынбыз, шіркін қыздар мен ұлдарға бөлмелері бөлек болса ғой деп. Балаларымыз да ойлайтын. Үлкен үйдің кілтін алып, соған қуанышта болдық, кең бөлмелер. Қазір рақат, балаларым бөлек, ұлдарым бөлек жатады кең үй. Жастарға тілейтінім көп балалы болып, қазақтың санын көбейтіп, біз сияқты үй алып қуанышқа кенеле берсін! 

Зәуре Баймұхаметова да алтын құрсақты ана. Ол да жаңа баспана алып, қуанып отыр. Ендігі мақсаты атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып, жеке бизнесін ашпақшы. Ол үшін грант қаржысына тігін машинасын сатып алған. Жастарды да жаңа кәсіпке баулығысы келеді. 

Зәуре Баймұхаметова, көп балалы ана:

- Менің анам Мәлікаждарова Жібек 10 баланы дүниеге әкелген батыр ана болды. Өзімде 8 балам бар, негізі 19 құрсақ көтергенмін. Қазір 2 ұл, 6 қызым бар. Алла бұйыртып, міне 11 немеремді дүниеге әкеліп беріп жатыр. Өзімнің келінім менің жолымды қуып қазір көп балалы аналар тобына қосылып жатыр. «Мама, мен сіздің артыңыздан еріп келе жатырмын, мен де көп балалы ана атанып жатырмын»,- дегенге мен қуанып жатырмын. 

Қуаныш Тұрсынханов, Зайсан аудандық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- 2022 жылға осы бағдарламаны ары қарай жалғастыру мақсатында 35 екі пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастап, қолданысқа береміз деген ойдамыз. Яғни ағымдағы жылы осы үйлердің де құрылысын бастап жүргізіп жатырмыз қазір. Келесі жылы 70 отбасы баспаналы болады. Оның ішінде көп балалылар мен осал топтағы кезекте тұрған азаматтар қамтылады.

Бұдан бөлек Зайсанда 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй де салынып жатыр. Жыл соңына дейін құрылысы аяқталуы тиіс. Бұл баспаналар да көп балалы отбасылармен қатар кезекте тұрған бюджеттік мекеме қызметкерлеріне де беріледі. 

Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы