Берлинде қазақстандық студенттердің 8-ші форумы өтті

Берлинде қазақстандық студенттердің 8-ші форумы өтті. Бұл жиын індет басталғалы бірінші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосуға қазақ елшілігі ұйытқы болған. Германияның түкпір-түкпірінен жиналған жастар дипломаттармен, олардың қызметімен жақын танысып, көкейкесті сұрақтарына жауап алды.

Ресми кездесуден кейін студенттер назарына «Әлем мойындаған Қазақстан» атты фотокөрме ұсынылды. Одан кейін форум спорт жарыстарына ұласты. Жастар топтарға бөлініп, өзара футбол, теннистен және бадминтоннан сайысқа түсті. Алдағы уақытта қазақстандық студенттер неміс достарын да осындай жиындарға шақырып, Қазақстанның бай мәдениетімен таныстыруды жоспарлап отыр.

Назерке, Гумбольдт университетінің студенті:

– Форум Берлинде өтіп жатса да, студенттер неше түрлі жоғары оқу орындарынан жиналды. Біз осыған қайран қалдық. Мұндай басқосу қазір өте маңызды, себебі індеттен кейін аралас-құраластық азайып қалды. Осы форумның арқасында студенттер бір-бірімен танысып, білісіп, айнымас достарға айналады деп ойлаймын. Мен үшін бұл өте маңызды. Германияда жүріп, өз туған ортамды тапқандай болып жүрмін.