Елордада рухани келісім күніне орай ағаш отырғызу іс-шарасы өтті

Нұр-Сұлтан қаласында рухани келісім күніне орай ағаш отырғызу акциясы өтті, деп хабарлайды Хабар 24 елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара барысында Конфессияаралық келісім аллеясында 30 түп ағаш отырғызылды. Сауабы мол шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімінің орынбасары Асхат Оралов, қалалық Дін істері басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, сондай-ақ елорданың діни бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері қатысты.

«Рухани келісім күні – ұлтына, дініне, нәсіліне, жасы мен сеніміне қарамастан қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылық аясында біріктіретін бірлік пен келісім мерекесі. Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қоғамда ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып саналады», – деді Асхат Оралов.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері басқармасының басшысы ағаш отырғызу шарасының маңыздылығына тоқталып өтті.

«Қаламызда әр түрлі дін өкілдері бірлесіп жыл сайын ағаш отырғызу дәстүрге айналды. Себебі, бұл қаланы көгалдандыруға, өзгелермен байланыс орнатуға, әріптестерімізбен көбірек пікір алмасуға мүмкіндік береді», – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, діни бірлестіктердің өкілдері мұндай іс-шаралар халықты біріктіруге ықпал ететінін, діндер арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсартып, конфессияаралық келісімді нығайтатынын атап өтті.