Атыраудағы фармацевтикалық зауыт құрылысы жеті жылдан бері тоқтап тұр

Нысанды салуға 3 млрд 700 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл Орталық Азиядағы ең ірі зауыт болуы тиіс еді. Алайда жұмыстың жүйесіздігінен құрылыс алаңы қаңырап тұр.

800 млн таблетка, 300 млн капсула, 78 млн ампула және түрлі медициналық препараттар. Жылына осынша дәрі-дәрмекті бір ғана зауыт өндіруі керек еді. Алайда дәрі-дәрмек түгілі, зауыттың құрылысы аяқсыз қалды. 2015 жылы іске қосылады деген нысан қазір қаңырап бос жатыр. Осы жобаға 1 млрд теңгеге жуық қаржы салған Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы үш жылдан кейін қаржының мақсатсыз жұмсалғанын байқап, сотқа жүгінген.

Гүлназ Кәрімжан, «Атырау» ӘКК АҚ баспасөз хатшысы:

- Жобаның бастамашысы 2018 жылы 60 млн-нан астам қаржыны қайтарды. Бір жылдан кейін 810 млн-ға бағаланған мүліктерді берді. 2019 жылы компания барлық берілген соманы қайтарды. Алдағы уақытта «Атырау» ӘКК бұл жобаны қаржыландырмайды.

Зауыттың құрылысын алдымен үнді мердігері бастамақ болған. Кейін құрылыс жұмыстарын чех компаниясының аяқтайтыны анықталды. Осылай созбалаңға салынған жобаның қаржысы мақсатсыз жұмсалған. Енді бағы ашылмаған зауыт құрылысының қашан аяқталатыны белгісіз. Ал әкімдіктегілер жазбаша ғана жауап қатты.

Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы «Lumpan Caspian Pharmaceuticals LLP» ЖШС-нің «Фармацевтикалық зауыт құрылысы» жобасы бойынша бүгінде «Kazakh Invest» АҚ-мен бірлесіп инвестор іздестіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Осыған байланысты сіздің хатыңызда көрсетілген сұрақтарға аталған мәселе шешімін тапқаннан кейін жауап беруді жөн деп санаймыз.

Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың бірі болуы керек бұл өндірістің өніміне қашан қол жететіні әлі күнге белгісіз. Атқамінерлер атымтай жомарт табамын дегенше нысан құрылысы пайдаға аспай қалмаса игі.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов