Шымкентте қайыршылар қаптады

Алақан жайған тілемсектер көше кезіп, аурухана мен мешіттердің алдында көп тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың дені – балалы әйелдер мен мүгедек жандар. Арасында өзге елден келгендер де бар. Полиция қызметкерлері оларды ұстап, айыппұл салса да, қайта қайыр сұрауын тоқтатар емес.

Бұрын жұрт сығаннан сырт айналса, енді жолда жармасып, қайыр сұрайтындардан қашатын болды. Тіпті базардың маңы мен мешіттердің айналасын былай қойып, көлік нөпірі көп көше қиылыстарында да алақан жаяды.

Мүгедектігін көрсетіп мүсәпір болғандар мен баласын құшақтап қайыр сұрайтындар көшеде де көп кездеседі. Жұрттың қолына телміріп тиын күткендер күннің аптап ыстығы мен аязды суығына қарамайды.

Өкініштісі сол, күн бағу үшін көшеге шыққан егде жастағы қарттардың қайыр сұрауы. Сөзге тартып, саулық сұрассаңыз көпшілігінің ұл-қызы бар. Зейнетақысы коммуналдық төлемнен артылмайтынын айтып, немеренің несібесін іздейміз дейді олар.

Полицейлер бірнеше рет рейдтік тексеріс жүргізіпті. Нәтижесінде жыл басынан бері 2 мың 650 қайыршыны көшеден ұстап, айыппұл салған. Бірақ қайта шахар кезіп, қайыр сұрайтындар көп дейді. Айыппұл тілемсектің айылын тыймай жатқанда өзге елден келіп, қол жайғандар да кездесуде.

Данабай Әлиев, қалалық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бөлім басшысы:

- Жыл басынан осындай іс-шаралардың нәтижесінде қайыршылық жасап жүрген 7 тұлғаны анықтадық. Оларды кодекстің бабына сәйкес елден шығарып жібердік. Олар Өзбекстан Республикасының азаматтары, Әзербайжан ұлтының өкілдері.

Енді полицейлер қайыршыларды көшеге әдейі жұмсап, табысын арттыру үшін тілемсек жалдағандардың ізіне түсті.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов