Елімізде 3 мыңдай азамат көлік жүргізу құқығынан айырылды

Жыл басынан ел ішінде 18 мың адам көлікті мас күйінде басқарған. Өкініштісі сол, аталған заң бұзушылыққа қатысты тағайындалатын жаза өткен жылы қатаңдатылғанымен, ішімдікке сылқия тойып рөлге отыратындар саны азаймай отыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Былтыр қабылданған заң бойынша көлік құралын мініп есіргендер 7 жылға жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке қамалады. Ал жүргізу куәлігінсіз мас күйінде ұсталғандар темір тұлпар басқару құқығынан өмір бойына айырылады. Бүгінгі күні шамамен 2 мың 700 азаматқа осындай жаза тағайындалды. Жалпы жыл басынан бері полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау саласында 6 млн-нан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде 5 млн астамы жол-көлік қозғалысы бойынша жасалған.

Серік Түсіпов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- Өткен жылмен салыстырғанда анықталған бұзушылықтар 4 процентке көп. Сонымен қатар бүгінгі күні құқық бұзушылықтардың жолын кесуге полицейлер алдын алу шараларын көбірек қолданады. Мысалы, полиция қызметкерлері шығарған ұйғарымдардың 40 проценті - құқық бұзушылыққа берілген ескерту.