КВИ вакцинасы туралы жалған ақпаратты қалай анықтау керек

КВИ вакцинасы туралы жалған ақпаратты қалай анықтау керек

Telegram мессенджерінде COVID-19-ға қарсы вакцинаны микроскоппен қарап жатқан бір топ адамның видеосы таралуда, деп хабарлайды Хабар 24 .

Осыған орай Stopfake.kz таралған ақпараттың рас-өтірігін зерттеген. Видеода стафилококк, гемолитикалық стрептококк, Кох таяқшасы сияқты бірқатар қауіпті бактериямен қоса «қолдан жасалған» белгісіз вирус та табылған делінген. Біріншіден, видео дереккөзі қайдан алынғаны белгісіз. Екіншіден, роликтің авторлары туралы мәлімет жоқ. Бейнежазбадағы шыны құтыда нақты не бары екені де беймәлім. Өйткені вакцина үлгісін алу және оны құрылғыға салу процесі түсірілмеген. Жазбада -80 С температурада сақталуы тиіс Pfizer/BioNTech вакцинасы бар бөтелке көрсетілген. Яғни препараттың дұрыс сақталған-сақталмағаны да белгісіз. Әрі бұл вакцинаны жеке пайдалану үшін сатып алу мүмкін емес. Өйткені көптеген мемлекетте препарат емделушілердің қолына берілмейді. Бұл жерде видео авторларының әрекеті күмән тудырады. Препараттың құрамынан бактериялардың «анықталғанына» да сену қиын. Өйткені микроскоппен бактерияларды байқау әлдеқайда қиын. Бұл үшін дефлекторы жақсы, қуатты және қымбат микроскоп қажет.

Мамандардың айтуынша, бактерияларды анықтауға метилен көк сияқты арнайы бояғыш ерітінділер көмектеседі. Демек, жай әуесқой микроскоппен қарап, вирус табылды деу қате пікір. Тіпті ол бактерияның пішіні атауына да сәйкес келмейді екен.

Айта кетейік, Pfizer/BioNTech шығарған вакцинаның құрамы құпия емес және көпшілікке қолжетімді. Тағы бір ескеретін жайт, ролик авторларының бактерияларды анықтау және сәйкестендіру үшін микроскопияда қандай әдістерді қолданғаны, нақты нені талдағаны және осындай талдау жасау үшін жеткілікті білімі мен дағдылары бар-жоғы туралы нақты мәліметтер жоқ.