ШҚО-ның Зайсан ауданында көмір тапшылығы өзекті болып тұр

Шығыстағы Зайсан ауданында көмір тапшы. Баға да дес бермей барады. Бір тоннасы биыл 22 мың теңгеге жетті. Көмір бұл өңірдің өзінде өндірілсе де тұрғындардың қолы жетпей отыр. Аудандағы осы салаға жауапты атқамінерлер қыстық отынның неліктен тапшы екеніне мардымды жауап бере алмады. Сондай-ақ газ тарту жұмысының үшінші кезеңі де тоқтап тұр. 

- 28 мыңнан дейді әне инстаграмда. Мына шығарып жатқаны қоқым араласқан. 

Қоқым араласқан сапасыз көмір екенін басқа тұрғындар да растап отыр. Бұл Зайсаның өзінен Сайхан тауынан өндірілген бестік деп аталатын түрі. Бірақ қазір оның өзі қат. Бағасы да ұшып тұр.

Айдос Мұқанов, Зайсан қаласының тұрғыны:

- Міне мынау бүгін түсірген көмір. Кейпі мынадай топырақ. Жаңа көршілер шулап жатыр ғой. Жылу жоқ. Көмір қымбат болса да сапасы жақсы болса халық алады. Мынау сапасы жоқ. Бір тоннасы 22 мың тонна.

Гүлжан Әжібаева, зейнеткер:

- Алдық міне жартысы топырақ, жанбайды. Жаңа көмір деп берген.

Зайсан қаласының бүгінде 85 проценті орталық газға қосылған. Тек шеткі шағын аудандағы жеке үйлер мен бірнеше әлеуметтік нысан ғана көмір жағады.

Маратбек Асықбаев, Зайсан қаласының тұрғыны:

- Газ тартатын шұңқырды қазып жігіттер, үйден шай да ішіп кетті. Айтты мына шұңқырға мың теңгеден алып жатырмыз деп. Газ болады деді. Ол шұңқыр күзге дейін көміліп қалды. Міне қыста келді.

Қыс келсе де Зайсандағы көмір сататын қоймада қара құлып тұр. Аудан бойынша қыстық отынды өндіріп  және сататын бірнеше  компания бар. Биыл сол тасымалмен айналысатын монополист бағаны көтеріп жіберген.

Назерке Бықаева, көмір сату компаниясының менеджері:

 - Биыл бағаны экономистер басшылық есептей отырып, 13 мыңға қойды. Карьердің басынан алуға. Енді олар кәсіпкерлер сатып алады да тұрғындарға сатады. Олар тұрғындарға қаншадан сатады. Оны біз білмейміз.

Білуге тырыстық. Жүк көлігімен тасымалдайтындар тоннасын 22 мыңнан сатып жүр.

- Қабы қанша?

- Қабы екі мың теңге.

Аудандағы коммуналдық салаға жауапты қызметкерлер көмір тапшылығын монополистер арасындағы өзара тартыспен байланыстырады.

Серік Тілемісов, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда сол мекеменің құрылтайшылары арасында бірнеше сот рәсімдері болған. Дау-дамайлары болған. Сол себепті біраз жұмыстар ақсаған. Зайсан ауданы бойынша 28 мың теңге деген баға жоқ. Ол жалған ақпарат.

Жалпы бір қыста Зайсан ауданы 40 мың тоннаға жуық көмір жағады. Он жыл бұрын өңірге орталық газ құбыры тартылған. Қазір 80 проценті газға қосылған. Алайда газдандырудың үшінші кезеңі тоқтап тұр. Бүгінде  аудан орталығында 185 үй мен тағы 8 ауыл газсыз отыр. Ауданды толық газға қосу  үшін бір миллиард 845 миллион теңге керек. Бұл қаржы қашан және қандай бюджет көзінен бөлінітені әзірге белгісіз. Ал  осы маусымдағы көмір тапшылығы да қашан жойылатынын да  ешкім нақты айта алмайды.

Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов