Павлодар облысындағы кеніштерде газ өндіріледі

2050 жылға қарай еліміздегі көмір кеніштері бейтарап технологияларға көшуі керек. Сондықтан өндіріс ошақтары өнім шығару технологиясын өзгертуі қажет. Бұл мақсатқа жету үшін Екібастұз көмір бассейні мен өзге аудандардағы кеніштерде бірнеше жыл бойы зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Ғалымдар аймақтағы кен орындарында газ шығаруға болады деген байламға келді. Көмір химиясы және технологиялары институты мамандарының айтуынша, газ көмірді жақпай-ақ алынады. Яғни жаңа әдіс қолданылмақ. Алдағы уақытта кеніштерде өндірістік сынақ жүргізіліп, технологиялық желі іске қосылады. Бұл ауқымды зерттеу жұмыстарының кезекті кезеңі болмақ. Ал осындай технологиямен алынған газды электр энергиясына да айналдыруға болады. Баянауыл ауданындағы көмір кеніштеріндегі қара отыннан ауа мен суды тазартуға қажет заттарды өндіруге мүмкіндік бар. Бұл жұмыстар жергілікті билік пен кен орындары арасында жасалған меморандум шеңберінде атқарылады. Бұл бағытта ғалымдармен де ынтымақтастық орнатылған.

Болат Ермағамбетов, Көмір химиясы және технологиялар институтының директоры:

- Қазір әлемдік практикада осы көмірден 300 түрлі нәрселер алынады. Ол газ болсын, газдан өндірілетін отын өндіру заттары болсын, матнол, бензин дейді. Ол енді Қазақстанда мұнай өңдеу саласы кеңінен дамыған ғой. Ал көмірден, отыннан басқа материалдар алуға болады. Әлемде парниктік заттардың көбеюі, климаттың өзгеруі байқалды. Сондықтан көміртегінің бейтараптығын қамтамасыз етуіміз керек.

Нұрлан Ахметбеков, көмір кенішінің бас директоры:             

- Көмір кенішінде зерттеу жұмыстары жүргізілді. Біздің өнімнен газ, бу немесе сұйықтықтарды тазартатын химиялық зат - сорбент шығаруға болады. Бұл өнім медицина мен тұрмыстық салады жоғары сұранысқа ие. Кешенді жұмыстар аяқталған соң технологияларымызды да өзгертпекпіз.