Алматыдағы зообақ қызыл кітапқа енген құстармен толықты

Алматы хайуанаттар бағы қызыл кітапқа енген екі бірдей бірқазанмен толықты. Оның біреуі Ақтаудан, екіншісі Семейден жеткізілді. Үйірінен қалып қалған бірқазанды ауыл тұрғындары тауып алып, пойызбен алып келген. Хайуанаттар бағы мамандарының айтуынша, құстар алдымен бір ай ветеринария бөлімінде карантинде болады. Содан кейін зиянкестерден тазартып, түрлі құс ауруларының алдын алатын екпелер салады.

Екі аптаның ішінде Алматы хайуанаттар бағына екі бірқазан жеткізілді. Екеуі де оның қызғылт түсіне жатады. Мамандар оны құстардың жәй жұмыртқа басуымен байланыстырады. Ұшуға күші жетпеген балапан құстар осылай қалып қояды дейді.   

Жанна Сыбанбекова, хайуанаттар бағы экзотикалық құстар бөлімінің меңгерушісі:

- Оны бізге Семей жақтан алып келді. Семей жақтағы бір ауылдан тауып алған елдер. Жан-жағында иттер жүргендіктен ауыл тұрғындары құтқарып алған. Қазір бізге келген қызғылт бірқазан тамақты жақсы жейді. Оны тауып алған адамдар килька берген. Мойва берген. Енді өзіміздің рационымызға үйретеміз. Қанатының ұшы, қауырсындары өскен кезде содан алып анализге жібереміз. Сол жақтан бізге жынысын анықтап береді.

Қазақстанда бірқазанның бұйра және қызғылт түрі кездеседі. Олар Каспий мен Арал теңіздерін, Балқаш, Сасықкөл көлдерінің алабын мекендейді. Алматы хайуанаттар бағында бірқазанның осы екі түрі де бар. Енді олардың саны онға жетті.     

Алина Чимирук, хайуанаттар бағының ветеринары:

- Екі құсты да тексеріп қарайтын боламыз. Ақтаудан әкелген бірқазанның қанаты сынған. Ал Шығыс Қазақстан облысынан жеткізілген бірқазан әбден әлсіреп қалған. Басқаларға үлкен құс болып көрінуі мүмкін. Бірақ  әлі толық жетілмеген балапандар ғой. Сондықтан  ілесе алмай қалған. 5-6 ай кезінде салмағы 10 келіге дейін жетуі тиіс. Ал олардікі 5 келі ғана.

Айта кетейік, бірқазан Қазақстанның ғана емес, халықаралық қызыл кітапқа да кірген. Оның үстіне табиғат жанашырлары бұл құстың елімізде  азайып бара жатқандығын айтып,  дабыл қағып отыр. Алматыға жеткізіліген екі бірқазан табиғатқа жіберілмейді. Құстар хайуанаттар бағының қарамағында болады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарынбаев

Сондай-ақ...