Тұрғындар табиғи газ тарататын мекемені сотқа берді

Текеліде тұратын 50 шақты отбасы 4 жылдан бері үйлеріне газ кіргізе алмай отыр. 2018 жылы мердігермен келісімшарт жасап, 350 мың теңгеден төлеп қойған. Алайда мекеме өз міндетін әлі күнге дейін орындамаған. Шыдамы таусылған тұрғындар арнамызға шағымданды.

Мария Лединева – газ тартатын серіктестікке сенім артқандардың бірі. Ол 350 мың теңге төлеген соң үш айдың ішінде көгілдір отын тұтынуы тиіс еді. Алайда әлі күнге дейін от жағып үйін жылытып жүр.

Мария Лединёва, қала тұрғыны:

– Бізбен келісімшарт жасаған компания ақшамызды қайтарсын. Қалалық ПБ шағымдандық. Келісімшартты көрсеттік. Бәрін айтып бердік. Сотқа бергенбіз. Сот шешімі бар. Бірақ мәселе шешілер емес.

Табиғи газға қосылу үшін тұрғындардың бірі жинаған ақшасын жұмсаса, енді бірі несие алған. Қомақты қаржымыз желге ұшты деген олар келісімшартта көрсетілген байланыс нөміріне қоңырау шалып көрді. Бірақ онысынан еш нәтиже шықпады.

Серіктестік қала көшелеріне 5 шақырымнан асатын газ құбырын тартқан. Белгісіз себептермен оларды қайтадан жинап әкетпек болыпты.

Анатолий Густав, қала тұрғыны:

– Әкімдік өкілдерін шақырттық. Содан кейін ғана бұзуды тоқтатты. Оның өзінде көшенің бір жағындағы құбырдың жартысын алып кетті.

Бастапқыда жұмысына білек сыбана кіріскен мекеме 87 адаммен келісім шартқа отырған. 4 жылда солардың қырық шақтысына ғана көгілдір отын жеткізіп беріпті.

Аян Рысбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің жетекшісі:

– Биылғы жылдан бастап «Стас инвест» «Ескелді газбен» договорға отырған. Енді Ескелді газ беріп жатыр. Биыл негізгі Стас инвест 87 келісімшарт бойынша толығымен газды кіргізіп қосамыз деп уәде берген.

Жансүгіров көшесінің тұрғындары қазір басқа серіктестікпен келісіп, үйлеріне екінші рет табиғи газ тартуға талпынып жатыр. Көмір тасып, күл шығару машақатынан құтылу үшін енді олар тағы да шығындалмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев