Өскемендіктер бір аптадан бері көк түтінге тұншығып қалды

Өскемендіктер бір аптадан бері көк түтінге тұншығып отыр. Экологтар арнайы құрылғымен ауадағы зиянды заттардың мөлшерін тексеруге шықты.

Нәтижесінде көмірқышқыл газы қылыпты мөлшерден бірнеше есе жоғары екені анықталды. Оның негізгі себебі, жел болмағандықтан жеке үйлерден шығатын түтін ауада тұрып қалады. Оған қоса ірі өндірістерден шығатын зиянды  қалдық көп.

Арнайы құрал ауада күкірт қышқылы рұқсат етілген мөлшерден бір жарым есе асқанын көрсетті. «Қазгидромет» мекемесінің жылжымалы эко-бекеттері де қаладағы өндірістік аймақта улы газ жоғары екенін көрсетеді. Бұл аумақта ірі металлургиялық алпауыт зауыттар мен жылыту электр орталығы қатар тұр. Дегенмен экологтар тек бір шағын ауданда емес, жалпы қаладағы ортақ көрсеткішті есепке алады.

Рауан Тұраров, облыстың бас экологиялық инспекторы:

– Үлкен ірі кәсіпорындардың үлесін еш азайтпаймыз. Және де бұл жерде жеке автокөлік құралдарының үлесі бар. Бірақ оның алдында болған жағдайға қазіргі қосымша ластану көзі ретінде өзімізде үйде жағып отырған үй жылыту пештерінің әсері деп ойлаймыз.

Экологтар күн райы суытқалы жылу электр орталығы да қуатын арттырғанын айтады. Яғни жағылатын көмір көбейген сайын қара түтінмен бірге күкіртті сутегінің мөлшері еселеп артады. Алайда жылыту электр орталығы өкілдері экологтардың бұл уәжімен келіспей отыр. Ресми сауалға жазбаша жауап қайтарды.

«ӨСКЕМЕН ЖЭО» баспасөз қызметінің ресми жауабы:

– Біз әлеуметтік маңызы бар нысандар, яғни балабақша, мектеп, аурухана, тұрғын үйлер үшін жылу энергиясын өндіреміз. Тұтынушылар алдындағы жауапкершілік пен барлық күш-жігерімізді қаланы үздіксіз жылумен қамтуға жұмсаймыз. Бұл тұрғыда өндіріс технологияға сай экология саласында да барлық заңнамалық нормативтерді қатаң сақтаймыз.

Өскеменде ауаны бақылайтын 10 эко-бекет орнатылған. Олардан алынған ақпарат онлайн түрде өңделеді. Бірақ бес жүз шаршы шақырымнан асатын өндірістік қаланың ауасын толық зерттеуге 10 бекет жеткіліксіз. Сондықтан экология департаменті облыста тағы 13 газонализатор орнатпақ. Ал ауаның ластануын мейілінше азайту үшін өңірде үнемі эко-рейдтер ұйымдастырылады. Оған экологтар ғана емес қоғам белсенділері де ынталы.

Елена Березинская-Абилова, «Ecojer» экологиялық бастамалар қауымдастығының облыстық филиалы басшысы:

– Арнайы алгоритм бойынша ақпарат жергілікті атқарушы органдарға берілетіндей әрекет жасау керек. Ал атқарушы органдар ауада болып жатқан өзгерістер бойынша ақпаратты білім бөлімі мен мекемелерді күнделікті ахбарадар етіп отыруы тиіс. Солай әрекет ету керек.

Өскеменнің ауасын нақты анықтау үшін экологтар ірі зауыттардың аумағында тағы 4 эко-бекет салуды жоспарлап отыр. Сол арқылы мониторинг жүргізіледі.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин