Атырау облысы әкімінің орынбасарына қатысты тергеу жүріп жатыр

«Ақ үй» облыс әкімінің орынбасарына қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды «Хабар 24» «Ақ Жайық» сайтына сілтеме жасап.

Бүгінгі «АЖ» сайтындағы жарияланымнан кейін Атырау облысының әкімдігі түсініктеме беріп, әкім орынбасары Қайрат Нұрлыбаевқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

«Атырау облысы әкімінің орынбасары Қ.Нұрлыбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша прокурордың 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен ол «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне 83,7 млн теңге көлемінде инвестициялық субсидияны заңсыз төлеу арқылы бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылды.

Инвестициялық субсидиялар келісімшарттарын жасау және инвестициялық субсидияларды төлеу Қ.Нұрлыбаевтың Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы (бұл лауазымға 2019 жылдың 5 маусымында тағайындалған) болып жұмыс істеген кезінде 2019 жылдың 26 маусымынан 4 желтоқсанына дейін жүзеге асырылған. Бүгінде «Бұйырғын» кооперативі 83,7 миллион теңге қарызды толық көлемде өтеген. Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне Қ.Нұрлыбаев 2021 жылдың қаңтарында тағайындалды.

Естеріңізге салсақ, Махамбет Досмұхамбетов Атырау облысының әкімі қызметіне 2019 жылдың 18 желтоқсанында кірісті».

Ал «ақ үйдегі» АЖ дереккөздері төрт транштың екеуі 2020 жылы жасалған деп мәлімдейді.

Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.