«Нұр-Сұлтанда аспанды графен бұлт торлады» – фейк

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде аспанда көрінген қара түтін сақинасының кадрлары тарады. Пайдаланушылардың айтуынша, фото Нұр-Сұлтанда түсірілген, ал қара түтін – «5G бағанасынан пайда болған графен бұлт». Бұл тұжырым – фейк.

Шын мәнінде, аспандағы түтін сақинасы Ақмола облысының Қосшы қаласында байқалған. Оған графеннің де, 5G байланыс форматының ешқандай қатысы жоқ. Оның қайдан пайда болғанын қала әкімдігі түсіндіріп берді.

«Бұл бұлт пеште көмірдің күрт жануынан (пештегі от лап етті) болған, ол дөңгелек құбыр арқылы шыққан түтіннен қалыптасқан. Яғни, Қосшы қаласының жеке тұрғын үй секторында орналасқан пештен шыққан түтіннен. Түтін табиғи құбылыс емес және қала тұрғындарына ешқандай зиян келтірмейді», — деп хабарлады әкімдіктен.

Мұндай «графен» сақиналардың видеосы мессенджерлерде бұған дейін де тараған болатын. Іс жүзінде, бұл белгілі бір жағдайлардың әсерінен сақина пішіндес болатын қарапайым түтін.

Желіде осындай сақинаны әдейі шығаратын бейне бар. Оны істеу үшін ұшында глицерин бар сақиналы арнайы құрылғыны майлап, өртейді. Бұл кадрлар 2008 жылы Burning Man фестивалінде түсірілген. Осының бәрі аспанда түсірілген сақинаның графенге қатысы жоқ екенін, бірақ қарапайым түтіннен қалыптасқанын дәлелдейді.