Қазақстанда КВИ аурушаңдығы соңғы екі аптада 17% төмендеді – А. Цой

Бүкіл әлем бойынша 5 миллионға жуық адам коронавирус инфекциясынан көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбір елде індеттің өршуі тоқтар емес. Мәселен, Польшада ауырғандар саны 120 процентке артты. Мұндай жағдайды болдырмау үшін Қазақстанда қатаң санитарлық шаралар қолға алынып, белсенді иммундау шаралары жүргізіліп жатыр. Алайда соңғы кезде Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау мен Қостанай облыстарында халықты вакциналау деңгейі төмендеп кетті. Осы орайда жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі артпақ.

Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Аталған аймақтардағы көрсеткіш 10-13% аспайды. Ведомствоаралық комиссия отырыстарында екпе егу қарқынын арттыру мәселесі бірнеше рет қозғалғанымен, нәтиже көңіл көншітпейді. Жергілікті атқарушы органдарға жағдайды реттеуді тапсырамыз. Егер тапсырма тиянақты орындалмаса, өңір әкімдерінің жетекші орынбасарларына тәртіптік жаза қолданамыз.

Қабылданған қатаң шаралардың арқасында өткен екі аптада коронавирусты жұқтыру көрсеткіші 17% төмендеді. Ауруханаларда науқастар саны кеміді. Нәтижесінде тамыз-қазан айларында бүкіл ел аумағында уақытша ашылған инфекциялық нысандар жабылды. Ал ертеңнен бастап карантиндік шаралар жеңілдетіледі.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуы мен халықтың 70% вакцина салғызғанын ескере отырып, ведомствоаралық комиссия отырысында карантин шараларын жеңілдету туралы шешім қабылданды. Енді вакцина алған немесе ПТР-тест тапсырған азаматтардың медициналық-әлеуметтік нысандарға кіруіне рұқсат беріледі. Түнгі клубтардың қызметі жанданады. «Жасыл аймақтағы» орындар таңғы беске дейін, ал «сары аймақтағылар» 03.00-ге дейін жұмыс істей алады.

Тұмау маусымы басталғандықтан, аурудың бұл түріне қарсы екпе салғызу науқаны да басталып кетті. Бүгінге дейін 1 миллион 400 мың адам осы екпені алып үлгерді.