Шымкенттегі жылыжай иелері мемлекеттік субсидияны қайтармайды

Шымкенттің сегіз бірдей өнеркәсіптік жылыжайы мемлекеттен берілген субсидияны кері қайтармайтын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, сотқа жүгінген қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы талап-арызын кері қайтарып алды. 

Еске салып өтейік, Бас Прокуратураның аудиторлық тексерісінен кейін 1 млрд 800 млн теңгенің сегіз кәсіпкерге мақсатсыз үлестірілгені анықталған. Алайда шаруалар берілген субсидияны агрокешенді дамытуға жұмсап, қажетті техникалар мен заманауи құрал-жабдықтарды сатып алып үлгерген еді. Сондықтан кәсіпкерлер игерілген қаржыны қайтаруға қарсы болды. Бұл іске қатысты Үкімет жанынан арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Осылайша кәсіпкерлік палатасының мамандары, прокурорлар және өзге де мемлекеттік органның өкілдері кәсіпкерлерге жеке-дара бақылау жүргізбек.

Әбунасыр Жанбатыров, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

- Талап - арызды жолдау мақсатымыз – бюджетке қаржы ақшаны қайтару еді ғой. Біз сол қазір талап-арызды қайтарып алдық. Енді комиссия қарап шығады. Егер кемшіліктер болса, сотқа дейінгі реттеу тәртібімен оның бәрі реттеледі.