Жекеменшік балабақшалар қаржы тапшылығына тірелді  

Бүгін Түркістан облысындағы мыңнан аса жекеменшік балабақшаның құрылтайшылары облыс әкімдігінің алдына жиналып, мемлекет тарапынан әр балаға төленетін қаржының аздығына шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар заңға сәйкес, жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесінің дұрыс орындалмай жатқанына наразы. Әдістеме бойынша ауылдық жерлерде бала басына 41 мың, ал қалада 37 мың теңгеден төленуі тиіс. Алайда өңірде бұл баға небәрі 25 мың теңгеден аспай отыр. Салдарынан жекеменшік балабақшалардағы тәрбиешілер мен білікті мамандар жұмыстан кетуге мәжбүр. Өйткені жалақылары 60-70 мыңнан аспайды. «Бұлай жалғаса берсе, көптеген жекеменшік балабақша жабылып қалуы мүмкін», - дейді кәсіпкерлер.

 Дильбар Хабибова, Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы филиалының директоры:

- Қызылорда облысында жыл басынан бері 51 мың теңгеден алып жүр. Қазір 63 мың теңгеге көтерілейін деп жатыр. Ең аз алып жатқандар – Алматы мен Шымкент, 38-37 мың. Біз 25 583 мың теңгеден алып отырмыз. Біріншіден, балалардың құқығы, екіншіден, кәсіпкерлердің, үшіншіден, педагог-мамандардың құқығы тапталып жатыр. Сондықтан біз бүгін жанайқайымызды жеткізу үшін осы жерге жиналдық.

 Амантай Өсербаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының м.а.:

- Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тапты. Бұл мәселені Білім министрлігі Қаржы министрлігіне бірнеше мәрте ұсынды. Әзірге Қаржы министрлігі қолдау білдірген жоқ. Республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда қаралады.