ТЖД өскемендік жаяу жүргіншілер мен автокөлік иелерін сақ болуға шақырды

Өскеменде соңғы 4 тәулікте тұман сейілмей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалың тұманның кесірінен әсіресе, таңертең және кеште көлік қозғалысы қиындады. Тек өткен сенбіден бері соқыр тұманнан Өскеменнің өзінде 10 жол апаты болды. Тіпті көлік нөпірі көп кейбір қиылыстардағы қозғалысты полиция қызметкерлері реттеді. Өңірді басып тұрған қою тұманға байланысты «Қазигдромет» мамандары екінші рет ескерту жариялады. Ал төтенше жағдайлар департаменті автокөлік иелері мен жаяу жүргіншілерді сақ болуға шақырып, хабарлама таратып жатыр.

Любов Бухтаярова, инженер-синоптик:

- Облыстың солтүстігінде суық ылғалды ауа сақталған. Соның салдарынан қаланы бірнеше күн бойы тұман басып тұр. Шемонаиха, Бородулиха, Жарма өңірлері де қою тұман құшағында. Таңғы сағат 09:00 шамасында тұманның ылғалдылығы 98% болды. Тұман алдағы бірнеше тәулікте де сақталады деген болжам бар.