Түркістан - Ташкент жүрдек пойызын іске қосу жоспарлануда

Бұл Түркістанның тек Қазақстан емес Орта Азияның ірі туристік орталығына айналуына септігін тигізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жан-жақты дамып келе жатқан Түркістанға түркиялық туризм компаниялары да инвестиция құюға мүдделі. Ыстамбұл қаласында Қазақстан елшілігі мен Түркістан облысы әкімдігі ұйымдастырған «Түркістан – Түркі дүниесінің рухани астанасы» атты жиында екі елдің туризм бағытындағы кәсіпкерлері бас қосты. Бұған дейін де Түркістан халықаралық әуежайы, Керуен сарай туристік кешені сияқты ірі жобаларға инвестиция құйған түркиялық компаниялар осы бағыттағы жұмыстарын жалғастырмақ ниетте. Форумға жиналғандарға Түркістанның туризм әлеуеті таныстырылып, елімізде инвесторларға жасалып отырған қолайлы климат жайлы жан-жақты мағұлмат берілді.

Нұрдәулет Медеуов, Түркістан облысы туризм басқармасының бөлім басшысы:

– Бірнеше компания, оның ішінде біздің тараптан да әуе, туристік компания өкілдері келіп отыр. Мұның барлығы осы туристік компаниялармен келісімшартқа отырып, түркиялық туристерді Түркістан өңіріне тартады деген ниеттеміз.