СҚО-ның Мортық ауылында мал неден қырылып жатыр?

Солтүстік Қазақстан облысындағы Мортық ауылында карантин енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күні кеше бұл елді мекенде малдың қырылып жатқаны жайында айтқан болатынбыз. Ветеринарлар өлекселерден патологиялық материал алып, оны елордадағы ұлттық референттік орталыққа жіберген еді. Ондағы мамандар алдын ала болжам бойынша «Қарасан» індеті екенін айтып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Уәлиханов ауданына қарасты Мортық ауылында шілде айынан бері 13 бас ірі қара өлген. Ал оларға вирустық диарея және инфекциялық ринотрахеит диагнозы қойылды.

Қайырлы Қазанов, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінгі күні аталған ауылда жағдай тұрақталып келеді. Мал өлімінің жаңа деректері тіркелген жоқ. Сараптама қорытындысы нақтыланған кезде ауыл әкімінің қаулысы шығады. Өтемақы төлеу мәселесі де сол кезде қарастырылады.