Отандық құтқарушылар 26 жыл ішінде 390 мыңға жуық адамды ажалдан аман алып қалған

Бүгін еліміздің азаматтық құтқару қызметінің құрылғанына 26 жыл толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде құтқарушылар 389 мыңнан аса отандасымызды ажалдан аман алып қалды. Тағы осынша адамды апат аймағынан қауіпсіз жерге шығарды.

Қазанның төртінде Талдықорғандағы көп қабатты үйлердің бірі өртенді. Қызыл жалын құрсауында анасы мен балалары қалып қойды. Қою түтінге тұншыға бастағандарды Сержан Бейсенғалиев қызметтестерімен бірге құтқарып қалды. Төртінші қабатқа дейін сатымен көтерілген ол қос жеткіншекті түсіріп алды. Көлік жүргізушісі кезекке түскен сайын қауіп қатермен бетпе бет келеді.

Сержан Бейсенғалиев, қалалық ТЖБ қызметкері:

- Өрт сөндіру бөлімінің азаматтарын бейбіт күннің батыры деп айтуға болады. Себебі өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін құтқарып жүрген түрлі жағдайлар болып жатыр. Биік ғимараттарға кіреді. Мысалы, үй жанып жатыр. Үстіне бірдеңе түсіп кетуі мүмкін. Өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін аман алып қалып жатқан азаматтар.

Ерлан Елубаев та – міндетін мінсіз атқарып келе жатқан қызметкерлердің бірі. Еңбек жолын қарапайым өрт сөндірушіден бастаған ол – қазір қарауыл бастығы. Бір апта бұрын әріптестерімен бірге Булаев қаласында жанып жатқан үйдің ішінен қос қарияны және көрші әйел мен оның қызын алып шықты.  

Ерлан Елубаев, Булаев қаласы №12 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:

– Бәрі тез болды. Тез ішіне кірдік. Өйткені біздің міндетіміз – адамдарды құтқару.

1995 жылдан бері құтқару қызметтері 1 млн 466 мыңнан аса өртті сөндіріп, төтенше жағдайдың салдарын жойды. Қызмет бабында 65 адам қаза тапқан. Мерекеде марқұмдардың рухына тағзым етілді. Көп қабатты үй қабырғасына өрт сөндірушілердің суреті салынды. Қадірлі мамандық иелері Тәуелсіздік жылдарында 389 мыңнан аса отандасымызды құтқарып, олардың өмір сүруіне екінші мүмкіндік сыйлады.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев