ҚАЗҰҚПУ-дың жерін сату кезінде күдіктілер қайтыс болған адамның қолын пайдалануы мүмкін

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 9 гектар жерін сату кезінде күдіктілер қайтыс болып кеткен адамның қолын пайдалануы мүмкін. Бұл туралы заңгер Бақытжан Базарбек мәлімдеді.

Қазіргі таңда 70 шақты жаңа үй тұрғызылып, инфрақұрылымы жүргізілген Алматы облысы Кемертоған ауылына қарасты «Таңдаулы сенім» саяжай қауымдастығының жерін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті даулап отыр. Арызданушы тарап жер телімдерінің заңсыз сатылғанын алға тартуда. Ал жерді адал ақшасына сатып алған тұрғындар біздің тағдырымыз қалай болмақ деп алаңдауда.

«Таңдаулы сенім» саяжай қауымдасытығында қазір 70-тен аса шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ұлтарақтай жерімізді табан ақы, маңдай терімізбен сатып алғанбыз дейді ашынған тұрғындар. Қолдарында тиісті құжаттары да бар. Олардың алды жерді 2018 жылы сатып алған. Алайда тұрғындардың бірі үйін сатпақшы болғанда мүліктің арестте тұрғаны анықталады.

Асылбек Бекмұрат, Кемертоған ауылы «Таңдаулы сенім» саяжайының тұрғыны:

– Біз оны заңды түрде алғанбыз, бұл біздің жеріміз. Біз тұрып жатырмыз, үйімізді салып алғанбыз. Ал енді келіп университет біздің жеріміз дегенді айтады. Заңды түрде біздің жеріміз. Мемактіміз қолымызда бар.

Сол құжатқа қатысты Қарасай ауданы әкімдігіне хабарласқанымызда, тергеу амалдарының жүріп жатқанына байланысты ешқандай жауап бере алмайтындарын жеткізді. Ал ауданның қазіргі әкімі Жандарбек Далабаевпен болған кездесуді тұрғындар смартфонға түсіріп алыпты.

Заңгер, жер телімдері бойынша құқықтық сарапшы Бақытжан Базарбек бұл хат шындыққа жанаспайды дейді. Хат қылмыстық істің материалы ретінде тіркеліпті.

Бақытжан Базарбек, заңгер, жер мәселелері бойынша сарапшы:

– Біріншіден, ол хаттың нөмірін алсаңыз, ол нөмір бойынша әйелдер университетінің ішкі құжаттамасы бойынша басқа хат тіркелген. Бұл хаттың жалғандығының бір белгісі. Екіншіден, мұндай хаттар әйелдер университетінің атынан әзірленетін хаттар тиісті түрде бланкпен әзірленуі тиіс. Ол жерде ондай емес. Үшіншіден, хатқа қол қойған адам қайтыс болған. Яғни қайтыс болған адамды пайдаланып, оның атынан тиісті жалған хатты әзірлеп, хатты дәлел ретінде көрсетіп жатыр.

Дауға айналған жер телімі 2000 жылы сол кездегі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына тәжірибе жұмыстарын жүргізу мақсатында берілген. Ал 2018 жылы бірнеше телімге заңсыз бөлініп, жалған құжаттармен рәсімделіп, кейін тұрғындарға нарықтық бағамен сатылған. Күдіктілер қылмысын жасыру және жер телімін университет балансына жалған қайтару мақсатында Көлді кентінде санитарлық аймақта орналасқан, жекеменшікке беруге жатпайтын жер телімін заңсыз бөліп береді.

Жандар Асан, ҚАЗҰҚПУ маркетинг және коммуникациялар департаментінің директоры:

– Биылғы жылдың қаңтар айында осы 9 гектарды құрайтын жер телімі Алматы облысының Ұмтыл ауылдық округінен берілген болатын. Бірақ ол мазардың жанында орналасқандықтан ешқандай санитарлық талаптарға сай емес. Мазардың аймағынан 200 метр жерде орналасқан. Бұл бір. Екіншіден, ол жерде оқу-тәжірибе жұмыстарын жүргізуден бөлек қандай да бір құрылыс нысандарын салуға да талапқа сай көтермейді.

Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет университеттің бұрынғы қызметкерлеріне, Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің және Қарасай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшыларына қатысты тергеу жүргізуде. Жер дауымен байланысы бар басқа адамдар да анықталып жатыр.

Гүлжан Көленқызы, Радик Жақыпов, Кенже Амраев