Жайықтың күрт тартылуы Атырау халқының өмір сүру сапасына қатер төндіріп тұр

Жайық өзенінің күрт тартылуы мұнайлы өңірдің экологиясына ғана емес, экономикасы мен жалпы халықтың өмір сүру сапасына да қатер төндіретін халге жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл санап тартылып бара жатқан өзен соңғы төрт айда мүлдем суалып қалды. Соның салдарынан облыс үшін аса маңызды стратегиялық нысанның жұмысына нұқсан келуі мүмкін. Облысты электр энергиясымен және жылумен қамтып отырған Атырау жылу қуат орталығы судың тапшылығынан жұмысын әзер жүргізіп отыр.

Шілде-қыркүйек айларында Жайық өзенінің ағысы мүлде тоқтап, суалып қалды. Жылымшылап қана ағатын тірлік нәрі мал-жанды айтпағанның өзінде облыс үшін аса маңызды стратегиялық нысан жылу орталығының қалыпты жұмысына қауіп төндіріп тұр. Себебі негізгі қызметі суға тәуелді орталыққа жылына 88-90 млн текше метр су керек. Қазір осынша көлем жинай алмаған энергетиктер қолдан канал қазып, әлек болуда. Орталық су алатын Перетаска каналы 3 метрге тереңдетіліп, ұзындығы 700 метр арна аршылыпты.

Мақсот Әленов, электр энергиясымен және жылумен қамту орталығының президенті:

– Соның өзінде бетонның үстіндегі су жарты метрге жетпейді. Оның бәрі ертең энергетикалық қауіпсіздікке, қаланың жылуына, облысқа жарық беруге қауіп төндіреді. Сол арқылы Претаска өзегіне суды бұру үшін бөгет салу керек.

Жылу қуат орталығындағы 11 жылу қазандығы мен 8 турбиналық агрегат 2415 килокалорий жылу мен сағатына 205 мегаватт электр энергиясын өндіреді. Әзірге орталық жұмысында кідіріс жоқ. Бірақ алдағы күндердің қандай сый тартары беймағұлым. Дегенмен энергетиктер жергілікті билікпен бірлесіп, шұғыл шараны қолға алды.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

– Арнайы мамандар шақырылып, бірнеше тәсілдер зерделенді. Бұрынғы сорғылар стацианорлы болса, бетонмен құйылған бір деңгейге жететін болса, ал қазіргі жүзгіш сорғы толығымен осы суды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екінші тәсіл – барлық техникалық мамандардың ұсыныстары енгізіліп, болашақта ТЭЦ модернизаялауға байланысты нақты жоспарға енгізілетін болады.

Бірақ ол болашақтың шаруасы. Себебі жоспар болғанымен, нақты жоба қабылданбаған. Оның барлығының қаражатқа келіп тірелетіні белгілі. Мамандар орталықтың жұмысын қалыпты ұстау үшін шамамен 4 млрд теңге керек дейді. Ал әзірге атыраулықтарға аспаннан жаңбыр, Жайықтан қайыр күтуден өзге қайран жоқ.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Сондай-ақ...