БҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейтін тігін цехы ашылды

Батыс Қазақстан облысында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге аса бастаған уақыттан күні бүгінге дейін 1 мыңнан аса жобаның тұсауы кесілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың әрі қарай жұмыс істеп кетуі үшін жалпы сомасы 154 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген.

Мақұлданған жобалар аясында 30 мыңға жуық жұмыс орны сақталып, 6 мыңдай адамның екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік туды. Өңір кәсіпкерлері жетістік атаулының барлығын тәуелсіздік табыстары деп есептейді.

«Адванс маркет» тігін цехында жыл мезгілінің барлық кезеңіне қажетті арнайы киімдердің сан алуан түрі шығарылады. Сонымен қатар мектеп формасы мен жеке қорғаныш киімдері де сұранысқа ие. Жоғары технологиялы қондырғылар өнім сапасын арттыруға көмектеседі. Мұнда еңбек ететін жұмысшылардың 90 проценті – мүмкіндігі шектеулі жандар. 

Гүлнәр Кенжеғұлова, «Адванс Маркет» ЖШС тігін цехының шебері:

– Арнайы киімдер тігеміз. 15-20 шақты тігінші бар. Ең бастысы сапалы киім тігеміз. Уақтылы тапсыруға тырысамыз.

Жаңадан ашылған тігін цехы қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын тарапынан жұмысшыларды оқыту, біліктілігін арттыру мен түрлі тренингтерге қатысуға мүмкіндік жасалады. Жалпы, аймақта бизнестің дамуына барлық жағдай бар. Тәуелсіздік алған 30 жылда осы салаға «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы 154 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген.     

Мейрам Қабдығалиев, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының ресми өкілі:

– Қазіргі таңда облысымызда 50 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасауда. Оның ішінде 11 мыңнан аса кәсіпкер жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар облыста қарапайым заттар экномикасы жобасы жүзеге асып жатыр. Бұған да жыл сайын қаражат бөлінуде. Қазіргі таңда жалпы сомасы 30,2 миллиард теңгеге 260 жоба мақұлданды.

Облыста 2017 жылдан бастап «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында биыл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіруге 500 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда 362 миллион теңгеге 33 жоба мақұлданды.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...