Түркістанда үй қымбаттап барады

Түркістанда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргенімен баспана бағасы шарықтап барады. Құрылысқа жауапты компания өкілдері бұны материалдардың қымбаттауымен байланыстырса, баспанаға мұқтаж азаматтар алыпсатарлардың әрекеті дейді.

Түркістан қаласының тұрғыны Өркен Мырзабек жақында ғана 1 бөлмелі баспанаға қол жеткізді. Жас отбасы қазір тапқан-таянғанының бәрін үйге құйып жатыр. Алайда тұрғын үй бағасының мұншалықты тез өсуі Өркенді де алаңдатып отыр. Себебі ол пәтерін кеңейтсем дейді, ал баға шарықтап барады. Ол бұған мемлекеттік бағдарламамен берілген үйлерді арзанға сатып алып, қымбатқа өткізетін ортадағы алыпсатарларды кінәлайды.

Өркен Мырзабек, қала тұрғыны:

- Бұл үйдің алғашқы егесі қараша айында конкурсқа қатысып, 1 бөлмелі үйді 6 миллионға алған болатын. Сосын екінші адамға 9 миллионға сатқан екен. Екінші егесі маған 13 миллионға сатты. Айналдырған 6 айдың ішінде бұл үйлердің бағасы 2-3 есеге өсіп кеткен. Жақында мен өзім шаңырақ көтердім. Енді маған 3 бөлмелі үй алу керек. 3 бөлмелі үйдің бағасы 20-25 млн теңге. Ондай сомманы табу жас отбасы үшін мүмкін емес жағдай.

Өткен жылмен салыстырғанда өңірде құрылыс материалдарының құны 2 есеге өскен. Әсіресе арматура мен цементтің бағасы шарықтап тұр. Салдарынан құрылыс компаниялары тұрғын үй бағасын қымбаттатуға мәжбүрміз дейді. Мәселен, мына жеке компания пәтердің 1 шаршы метрін 280-320 мың теңгеден саудалап жатыр. 

Сапар Ауласов, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:

- 320 болу себебі оның шығынына байланысты. Арматура, терезелер бар, цемент бар, жұмыс күші бар. Осының бәрін есептеп шығарғанда осындай бағаға тура кеп тұр. Құрылыс материалының қымбаттауынан біздер бағаны осылай қойдық. Мысалы, арматураны құрылыс бастағанда біз 220 алсақ, қазір 420 теңгеге қымбаттап кетті. Сол себептен бағаны осылай қоюға тура келді.

Ал нарықты бақылап, бағаны негізсіз көтергендермен күресетін жауапты орган өкілдерінің қазір қолы бос емес. Олар базар жағалап, құрылыс материалдарының неліктен қымбаттап кеткенін зерттеумен әлек. Ал ашық нарықтағы баспана бағасының қалай құбылғанынан бейхабар болып шықты. 

Ерлан Жайсабаев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті талдау бөлімінің бас маманы:

– Қазір мемлекеттік бағдарламамен баға өзгеріссіз 180 мың теңгеден 1 шаршы метріне беріліп жатыр.

– Ал жеке компаниялар ше?

– Жекеменшік компанияларда байқалмады баға өсімі.

– 320 мың сіз үшін өсім саналмайды иа?

– 320 мыңды мен білмедім, сіз қай не бойынша айтып тұрғаныңызды? Ол қазір сатылымда ма?

– Иә, сатылып жатыр. 3-4 санаттар бойынша бізде жұмыс жүргізілмеді.

– Сіздер сараптама жасаған жоқсыздар?

– Жасаған жоқпыз. 

Ал экономист-сарапшылар баспана бағасының қымбаттауын қалада жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуымен және мемлекеттік қызметкерлер санының көбеюімен байланыстырады. Оған рухани шаһарға айына келетін жүз мыңдаған туристер мен студенттердің де әсері бар. Сондықтан қазіргі күні Түркістанда пәтер эксклюзивті тауар ретінде ұсынылып отырғанын айтады. 

Сәбит Баймағамбетов, экономист-сарапшы:

- Түркістандағы қазіргі баға Шымкенттен жоғары, Алматы мен Нұр-Сұлтанмен шамалас. Бұның басты себебі пәтер саны аз болуы және келген студенттер мен қызмет істеуге келген мемлекеттік қызметкерлер болсын, пәтерге деген сұраныс көп. Сұраныс көп болғаннан кейін тауардың бағасы сол себепті жоғары болады. Уақыт өте келе түседі деп ойлаймын. Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер олар да өз әсерін тигізеді. 

Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үй құнын төмендету үшін көп қабатты үйлерді тездетіп пайдалануға беріп, студенттер жатақханасын көптеп салу керек.

Айта кетейік, қазір Түркістан облысында 40 мың адам баспана кезегінде тұр. Биыл жыл соңына дейін 5200 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы