«100км+»: қызылордалық қатысушы бір аптада 300 шақырымды еңсерді

«100 шақырым+» жаппай республикалық жүгіру челленджіне қатысушы қызылордалық Жандәулет Ондрей бір апта ішінде 300 шақырымды еңсерді. «Strava» қосымшасы арқылы бақыланатын онлайн-марафонда велосипед теуіп немесе аяңдап жүре алмайсың. Мобильді трекер шақырымдармен қатар тамыр соғысының белсенді қимылға сай болуын қадағалайды.

Осыдан тура 6 жыл бұрын алғашқы шақырымын бағындырған Жандәулет Ондрейдің өмірінде жүгіру үлкен маңызға ие. Спортты серік еткен жан артық салмақтан арылып, төзімділігі артқанын айтады. Әуесқой спортшы Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды, Ақтау қалаларында өткен ірі марафондарда олжалаған жүлделерімен мақтанады. Осы челленджді де ести сала дереу тіркеліп, ерекше құлшыныспен іске кірісіпті.

Жандәулет Ондрей, «100км+» челленджіне қатысушы:

- Тіркелу сайтына кірсем таныс кісілер шыға келді. Бұрын аптасына 200 шақырым жүгіретін алматылық топқа қосылғанмын. Қазір марафонның алғашқы 20-лығында сол топтағы таныстарым жүр екен. Таңғы кестені қарасам 9-орында тұр екенмін. Жүгіргенім 235 шақырым. Айдың аяғына дейін соны 500-ге жеткізу керек. Челлендж соңына таман мың шақырымды еңсеремін деп отырмын. 

Жаппай жүгіру жарысының басты шарты үнемі қозғалыста болу. Онсызда бәйге атындай тыпыршып орнында тұра алмайтын желаяққа көрші аудандарға барып келу түк емес. 

Жандәулет Ондрей, «100км+» челленджіне қатысушы:

- Бүгін Әйтеке би кенті, Қазалы қаласындағы стадионда 30 км жүгіріп өттім. Енді бүгін сағат 5-те осы стадионда 10 км тағы жүгіруді жоспарлап отырмын. Келіп қосылыңыздар.

Марафоншылар 30-қарашаға дейін жүз шақырымнан астам қашықтықты бағындыру керек. Шартты мүлтіксіз орындаған жеңімпаздарды қомақты қаржылай сый күтіп тұр. Бас жүлде – бір жарым миллион теңге. 

Жандәулет Ондрей, «100км+» челленджіне қатысушы:

- Егер бас жүлдені жеңіп алсам ресми клуб ашқым келеді. Спорттық киім, арнайы тамақтану, оқу-жаттығу жиыны, жарыстарға баруды ұйымдастырсам деген жоспарым бар. Ол кезде жүгірушілер қарасын 300-400-ге жеткізуге болар еді. 

Жүлдеге жетер жолда 1600-дей адам жүгіріп келеді. Ал Сыр өңірінен қос желаяқ бақ сынап отыр. Кейіпкеріміз ақша үшін емес деннің саулығы үшін тер төгіп жүргенін айтады. Сергек көңіл-күй мен мықты рух жеңістің төресі дейді спортшы. 

Қамбар Бекенов, тілші:

- Аймақта жалпы бұқаралық спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 255 мыңға жуықтады. Бұл облыс халқының 32%-і. Ауылдық жерде үзбей дене шынықтыруға ден қойғандар 50 мыңға жетіп қалды. Өңір спортшылары ел біріншілігі мен кубоктарында 700-дей медаль жеңіп алып, Сыр жұрты салауатты өмір салтын берік ұстанатынын дәлелдеп отыр.  

Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов