Е.Тұрғымбаев: Курсанттар киберқауіпсіздікті меңгеруі тиіс

Е.Тұрғымбаев: Курсанттар киберқауіпсіздікті меңгеруі тиіс
gov.kz

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың басшылығымен министрлік қарамағындағы жоғары оқу орындарын дамыту перспективалары қарастырылған жедел кеңес өтті, деп хабарлайды Хабар 24 ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында 1,6 мың курсант оқиды.

Кеңес барысында ҚР Президентінің тапсырмаларын және ведомстволық білім беруді жаңғырту жөніндегі жол картасын орындау бойынша есептер тыңдалды. Полицияның «сервистік моделіне», қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшіруді қамтитын оқу бағдарламалары мен жоспарлары талқыланды.

Ерлан Тұрғымбаев басым назар аударуды талап ететін бірқатар бағыттарды белгіледі, болашақ ішкі істер органдары қызметкерлерінің оқу процесін сапалы ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті, проблемалық мәселелерді қарады, оларды шешу жолдарын анықтады.

Осылайша, профессорлық-оқытушылық құрамды жасақтау, оның біліктілігін арттыру, сондай-ақ оқу орындарының ғылыми әлеуетін дамыту, ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2022-2024 жылдарға арналған нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру жөнінде нақты нұсқаулар берілді.

Сондай-ақ министр киберқылмыскерлерге қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру, ақпараттық қауіпсіздік пен кибер шабуылдарға төзімділікті қамтамасыз ету тәсілдері сынды тақырыптарды қамтитын киберқауіпсіздік бойынша бағыттарды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Жоғары оқу орындарына криминалистика саласында жоғары білікті кадрларды сапалы даярлауды қамтамасыз ету және полицияның «сервистік моделінде» орталық тұлғаға айналатын учаскелік инспекторлардың неғұрлым мұқият академиялық дайындығын қамтамасыз ету қажеттілігі бойынша міндеттер қойылды.

ІІМ бейіндік жоғары оқу орындарының терең теориялық және практикалық дайындықтан өткен мамандарды қалыптастыру бойынша өзінің көпжылдық тарихы бар екенін атап өткен жөн. Жоғары оқу орындарының дәстүрі бойынша ардагерлер адалдық, өз ісіне берілгендік және қызметтік борышын жанқиярлықпен орындау сияқты асыл қасиеттерді ІІО-ның жас қызметкерлеріне беріп отырады.

Бүгінгі таңда оқу орындарын оңтайландыру жүргізілді, ішкі істер органдары үшін мамандар даярлау ІІМ-нің бес оқу орнында жүргізілуде. Жедел-іздестіру, жедел-криминалистикалық, әкімшілік-құқықтық және қылмыстық-атқару қызметі, сотқа дейінгі тергеу, ақпараттық жүйелер, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар бойынша кәсіби даярлау факультеттері жұмыс істейді.

Дайындық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультеттерінде магистратура және докторантура бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Бұдан басқа жыл сайын кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан 5000-нан астам қызметкер өтеді.

«Полиция даярлығының жоғары стандарттары ғана ІІО алдына қойылған міндеттерді тиімді шешуге қабілетті жоғары кәсіби кадрлық корпус құруға мүмкіндік береді. Бұл Министрліктің бірінші кезектегі стратегиялық міндеттерінің бірі», - деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.