loader

Петропавлдағы зауыт бірнеше ай бойы жұмысшылардың жалақысын бермей келген

Петропавлдағы зауыт бірнеше ай бойы жұмысшылардың жалақысын бермей келген

Петропавлда ауыр машина жасау зауытында биыл жүзден астам адам қысқартуға ұшырады. Кәсіпорынның жұмысшылар алдындағы берешегі де аз емес. Инспекция өкілдері Еңбек кодексін бұзғандарға үш мәрте айыппұл салған. 

Рустам Файзулин Петропавл ауыр машина жасау зауытында 18 жыл жұмыс істеді. Темір ұстасы болып бастаған ол бас инженерге дейін көтерілген. Бірақ білікті маман биыл мамыр айында басқа кәсіпорынға ауысуға мәжбүр болды. Оған бір ғана себеп.  

Рустам Файзулин, қала тұрғыны:

– Айлық уақытылы төленбеді. Басшылық оны тапсырыстың жоқтығымен байланыстырды. Жұмыс тоқтаған соң, мамандарды жарты айлап ақысыз демалысқа жібере бастады. Ал бәрінде ипотека бар. Отбасын асырау қажет. Соңында көбі өз еркімен өтініш жазып, кетіп қалды.

Бұл өндіріс ошағы өңірдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Стратегиялық маңызы бар нысанда мұнай-газ, химия, энергетика және темір жол саласына қажетті түрлі жабдықтар құрастырылады. Мемлекеттік тапсырыстың жоқтығынан жағдай қиындаған. Жүзден астам адам қысқартуға ілігіп, жұмысшылар алдындағы берешегі де артқан. 

Гүлнәр Мұрзақанова, облыстық Еңбек инспекциясының бас маманы:

– Шілде айында тексеріс болған. Онда 366 жұмыскерге 114 миллион теңге қарыз болған. Берешектері – наурыз айымен сәуір айының жалақасы. Тексеріс ашылған кезде сол айдың жалақылары төленді. Еңбек берушінің атына әкімшілік хаттама толтырылды. Ал сол шілдеден бері қыркүйекке дейін 14 адамнан шағым келіп түсті. 

Биыл еңбек инспекциясындағылар жұмысшылардың айлығын уақытылы төлемеген зауыт басшылығына үш мәрте 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Осы мәселе бойынша директорына хабарласқан едік. Бірақ тұщымды жауап ала алмадық. Жағдайды облыстық әкімдік өкілдері түсіндірді.

Мақсат Күшкінбаев, облыстық Кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:

– Зауытта үлкен кредиторлық берешек бар. Және айналым қаражатының болмауына байланысты оларда жалақы бойынша берешек жиналған. Қазіргі таңда облыс әкімдігі «Қазақстан инженерингіімен» байланысып, толық қуатына шығу үшін тапсырыстарды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізудеміз. Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігінен мемлекеттік тапсырысты алуға келісімшарт жасасу сатысында.

Жыл соңына дейін мәселе тұрақталады деп сендіріп отыр жергілікті биліктегілер. Жалпы қазір өңірде жалақыны уақыты төлемеу мәселесі бес мекемеде бар. Оның үшеуі Айыртау ауданында, қалғандары облыс орталығында тіркелген. Шахардағылар банкрот болған. Енді олардың ісі сотта қаралауы мүмкін. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Сондай-ақ...