Президент «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін аралады

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне барды.

Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы Сарыарқа даласын ерекше жақсы көрген және өзінің басты ордасын Ұлытау тауының етегіне тіккен деседі. Яғни, алтын орда немесе ұлық ұлыстың негізі осы жерде қаланған деген нақты тарихи дерек бар. Одан бөлек, аңыз-әпсаналардың барлығы Жошы мазарын іздегендерді Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 45 шақырым жердегі осы кесенеге алып келеді. Ескерткіш сонау 13-ші ғасырға тиесілі. Ондағы тақтайшада мазар Жошы хандыкі екені және оның 1227 жылы дүние салғаны жазылған. Әйгілі хан қуатты Алтын орда мемлекетін құрып кеткен, ал одан тараған ұрпақ дешті Қыпшақ даласымен қоса, Батыстағы Дунай өзеніне дейінгі алып атырапқа билік етіп, ықпалын жүргізген. 

Киелі жердің күйін келтіру рухани жаңғырудың төте жолы. Бір жағынан туризмге де сеп. Шетелдіктерді айтпағанда, қазақстандықтардың арасында Ұлытауда болып, ұлар етін жегендер шамалы. Бұған тарихи сананың саяздығы мен ақпараттың аздығы да кедергісін келтіріп келді. Енді олқылықтың орны толады. Жошы хан кесенісі маңынан тарихи-мәдени кешен бой көтерді.

Абзал Нүкенов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары

– Жалпы аумағы 8 гектарды құрайды. Ал мына кешеннің өзі 2,5 шаршы метр. Енді жалпы айтатын болсақ, адам біздің кешенге келген кезде, қонақ жай ғана келіп кетпей, тарихымызбен танысу керек. Содан кейін Қазақстанның әдемі жерлері көп қой. Сол туралы да біліп кетуі керек.

Бұл аймақ қазақ тарихының ендігі символы атанбақ. Мұндағы Жошы хан ескерткіші қоладан құйылды. Мүсіні шын мәнінде алып. Кешенде ақпаратты ерекше жеткізу мақсатымен голограммалық стэндтер қойылған. Бұл аумақтан табылған құнды жәдігерлер анимация арқылы көрсетіледі.

Бауыржан Болатұлы, техникалық маман:

– Ақпаратты цифрлық жеткізу мақсатында біз осындай сенсорлы таблоны шығардық. Және бұл жерде ерекшелігі – құндылықтармен танысуға болады. Оларды тыңдау арқылы. Және салт-дәстүрге кіріп, әдемі салт-дәстүрімізбен видеомен танысуға мүмкіндік алады. Мысалы беташар.

Енді өңірдегі этнографиялық туризмнің кең тынысы ашылды дей беріңіз. Себебі, жыл сайын Жошы кесенесіне тағзым етіп келушілер көп. Тек нақты есебі, саны жүргізілмей келді. Ұлы хан ту тіккен жер шетелдіктер үшін ең тартымды аймақ.

Мыс өнген өлке осылайша туризммен де танылуға қадам басты. Қаншама ғасыр бойы кесене маңы қараусыз жатқан еді. 2 жылда қатпарлы тарих жаңғырып, аумақ адам танымастай өзгерді. Президент аймақ тіршілігіне оң баға берді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Айдос Серікболұлы, Алмас Омарғалиев