Жезқазған қаласы сапалы ауызсумен қамтылады – Тоқаев

Балқаш, Сәтпаев, Жезқазған қаласының тыныс-тіршілігі өңірдің алпауыт кәсіпорын – Қазақмыс корпорациясының әлеуетімен тікелей байланысты. Өңірде көп жылдан бері күрмеуі тарқамай келе жатқан мәселенің бірі – ауызсу. Корпорация сол әлеуметтік түйткілді шешуге атсалыспақ. Ал жетіспей тұрған қаражат республикадан қаралады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ауызсумен қамту мәселесін алдағы 1 жарым жылда үкімет, әкімдікпен бірлесіп шешуі керек. Тұрғындарды таза сумен қамту міндеті тұр. Бұл мәселеге келгенде мен қатаң көзқарас танытып, шешу барысын жеке қадағалайтын боламын.

Жезқазғанда өндіріс ошақтарының көптігінен экология мәселесі де өзекті. Ауаға таралатын зиянды заттарды азайту керек. Қазақстан 2060 жылға дейін көміртектен толыққанды арылу мақсатын жариялады. Президент бұл бағытта кешенді жұмыс атқарылатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Таяуда елордада өткен Біріккен ұлттар ұйымы аясында өткен халықаралық конференцияда Экология министрлігінің арнайы доктрина әзірлегенін айттым. 2060 жылы көміртектен толық арылатынымызды жария еттік. Дегенмен, экономикамыздың ерекшеліктерін ескеруіміз керек. Бұл бағыттағы қадамдарды мұқият жасағанымыз абзал. Көміртексіздендіру саясаты сіздердің кәсіпорын жұмысына тікелей байланысты болып отыр. Осы мәселеге қатысты құжаттарды мұқият зерделеп шығамын.

Жалпы облыста биыл индустриаландыру картасы аясында 14 жоба әзірленсе, соның 8-і толық іске қосылды. Кезекте тағы 6-ауы бар. Меже жыл соңына дейін орындалады. Ал өңірдегі этнографиялық туризмнің жөні мүлдем бөлек.