Аралға қандай қауіп төніп тұр

Сырдария 2 миллиард текше метр судан қағылып отыр. Су шаруашылығын мемлекетаралық үйлестіру комиссиясының шешімінде келісілген міндеттер өз деңгейінде орындалмаған. Қазір су арнасы кей жерлерде құмға толған. Тіпті, ел ішінде өзеннен Аралға тамшы да жетпейді деген ақпарат желдей есті. Бұл қаншалықты рас?

Сәуір мен қыркүйек аралығында 4 миллиард текше\метр су қабылдауы тиіс аграрлы өңір соның жартысын ғана алды. Ал қазір тіптен Шардара қоймасынан Сырдарияға жіберілетін су көлемі 30 текше\метрге дейін азайып отыр. Салдарынан арна деңгейі күрт төмендеп кеткен. Дегенмен мамандар жұртшылықты өзен ағыны бөлініп қалды деген қауесетке сенбеуге шақырды.

Жорабек Ерназаров, Қазсушар РМК филиал директорының орынбасары:

– Шардара су қоймасынан жіберілмегеннің өзінде Қызылорда су торабы мен төменгі ағыс, қаланың тұсындағы дария өмір-бақи судан айырылмайды. Су маманы емес, біреу айтты екен, судың түсіп кетуі бойынша толық мәлімет алмайынша, байбалам салып, халыққа басқа сөз айту дұрыс емес деп санаймын. Егжей-тегжейіне жетпейінше, мұндай мәселені көтерудің қажеті жоқ.

Жалпы Арал-Сырдария бассейнінде су көлемінің төмендеу циклы 2019 жылдан бері айқын сезіле бастаған. Мұны мамандар өзен бастауындағы су қоймаларының өзіне тіршілік нәрі аз жиналуымен түсіндіреді.

Сейілбек Нұрымбетов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы РММ басшысы:

– Шардара су қоймасында былтыр 928 млн текше болса, биыл 776. Ар жағынан келетін су 200-250 текше\метр су келсе, қазір 120. Бәрі бір-бірімен жалғасып тұрған жүйе. Қайраққұмда да аз. Ең үлкен 19 млрд текше су кететін Тоқтоғұл су қоймасында былтыр 15, биыл 12, алдыңғы жылы 17 болған. Шынын айту керек, көршілер өздерінің қажеттілігін бірінші қамтамасыз етеді. Соңына келген кезде біз қиналып, осындай жағдай болып отыр.

Қалыптасқан жағдайға байланысты облыс әкімдігі Сырдарияға су жіберу көлемін ұлғайту үшін ел Үкіметі мен салалық министрлікке көрші мемлекеттермен келіссөздер жүргізу жөнінде ұсыныс жолдады. Ол ұсыныстар трансшекаралық өзеннен су алу лимиттері мен Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимін келісу кезінде қаралатындығы белгілі болды. Сондай-ақ қазанның соңғы онкүндігінде жоғарыдан төменгі ағысқа жіберілетін су мөлшері 50 текше\метрге дейін ұлғайтылады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев