«Әлеуметтік әмиянға» әлеуметтік көмекті қабылдау 1 күнге дейін қысқартылады

ҚР Президенті жанындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «әлеуметтік әмиянды» енгізу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы айтты.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу жүйесінде белгілі бір кемшіліктер бар. Олардың арасында проактивті есептеу тетігінің болмауы, берешек немесе тыйым салу болған кезде банктік шоттарды ашу кезінде шектеу, әлеуметтік көмек қаражатын пайдалану бойынша ақпараттың болмауы, азаматтардың өздерінің банктік деректемелерін ұсыну кезіндегі қателіктер, банк комиссияларын жабуға арналған бюджеттің жоғары шығыстары бар.

Осы кемшіліктерді жою үшін Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ҚР Үкіметіне ҚР Ұлттық банкімен бірлесіп цифрлық «әлеуметтік әмиянды» енгізу туралы тапсырма берді.

Жобаның негізгі мақсаты - әлеуметтік қолдау құралдарын жетілдіру, бюджет қаражатынан банк комиссияларына жұмсалатын шығыстарды оңтайландыру арқылы халыққа нысаналы әлеуметтік көмек көрсету.

«Әлеуметтік әмиянды» құру 2023 жылдан бастап жыл сайын орта есеппен 15-20%-ға дейін банк комиссияларын жабуға арналған бюджет шығыстарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Жүйені құрудың басты артықшылықтарының бірі әлеуметтік көмекті 1 жұмыс күніне дейін қабылдау мерзімдерін қысқарту және әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде азаматтар үшін электрондық әмияндарды дереу ашу болып табылады.

«Әлеуметтік әмиянды» барлық азаматтар үшін олардың ЖСН базасында ашу жоспарлануда. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілері мен сауда объектілері үшін олардың ЖСН/БСН базасында «бизнес-әмияндар» ашылады, содан кейін әмиянды екінші деңгейдегі банкке таңдау бойынша байлау қажет.

Сондай-ақ, цифрлық әмиян Ұлттық Банктің жедел төлемдер жүйесі инфрақұрылымының бөлігі ретінде жұмыс істейтін болады.

Халық үшін артықшылығы - тауарды/қызметті сатып алған кезде төлемді смартфон қосымшасы арқылы немесе смс-растау арқылы жасауға болады.