Жуырда «Халің қалай, түлек?» жобасы іске қосылады

Халің қалай, түлек? Дәл осындай атаумен елордада арнайы жоба қолға алынды. Оның аясында жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың әлеуметтік жағдайы, жұмыспен қамтылуы және басқа да мәселелеріне жіті назар аударылады.

Алғашқы ашық есік күні кәсіптік-техникалық колледж қабырғасында өтті. Оған осы білім ордасынан шыққан түлектер келіп, өзара пікір алмасты. Еркін форматта сұхбат құрды. Көкейде жүрген түйіткілдерін ортаға салды. Бұған қоса, осы санаттағы балаларға арналған жеңілдіктер сөз болды. Мәселен, алдағы жылдан бастап олар жеңілдетілген бағдарламамен баспанаға қол жеткізе алады. 

Жұмыспен қамтуға қатысты да біқатар қолдау бар. Жобаның басы-қасында жүрген Жастар саясаты басқармасы мен Халықаралық Қазақ тілі қоғамының мамандары енді осындай жиындарды тұрақты өткізбек.