Алматы метросының тағы екі стансасы ел игілігіне беріледі

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада салынып жатқан бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін айтты.

Ол жолайрықтар құрылысының қарқынымен және магистральді көшелерді ұзарту жұмыстарын тексерді. Қазіргі таңда әуежай бағытындағы айналма жол, Бұқтырма көшесіндегі туннельдік өткел, Рысқұлов пен Емцов көшесінің қиылысындағы көпір құрылысы белсенді жүріп жатыр. Абай даңғылын Момышұлы көшесінен әрі Наурызбай ауданының орталығына дейін созып, Алматы метросының тағы екі стансасының ел игілігіне жарайтын уақыты алыс емес

Абай даңғылының Момышұлы көшесінен Наурызбай ауданының әкімшілік орталығына дейінгі бөлігі 3,5 шақырым. Әр бағыттағы қозғалыс үшін 3 жолақты жол болады. Әшімов көшесінің үстінен 400 метрлік эстакада, тротуар мен велосипед жолдары қарастырылған. Алматылықтар үшін маңызды даңғылдың осы бөлігі жыл соңына қарай ашылады.

Айдар Сұлтанов, құрылыс учаскесінің бастығы:

– Бүгінде жұмыстың 90 проценті аяқталған. Жыл соңына дейін толық болмағанмен, бір бөлігіне жол қозғалысын ашамыз. Ақжар, Құрамыс ықшам аудандарындағы тұрғындар үйлеріне осы жолмен қатынай алады.

Құлжа тас жолы мен Бұқтырма көшесі қиылысындағы көпір құрылысы өткен жылы басталған. Алдағы уақытта «Әуежай айналымындағы» алты жолақ арқылы 350 мың адам қалаға еркін кіріп шыға алады. Қазір мұнда ұзындығы 784 метрлік эстакаданың құрылысы аяқталған.

Фариз Тутадзе, бас мердігер мекеменің басқарушы директор:

– Бұқтырма көшесі бойында 570 метрлік туннельдік өткел салынып жатыр. Жобаға сәйкес, «Алатау» шағын ауданы бағытына қарай жолға шығу қарастырылған. Өткел пайдалануға берілсе көліктерді өткізу көрсеткіші артады.

Сондай-ақ қала әкімі Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан ақын Сара көшесіне дейін жалғау жұмыстарымен де танысты. Мұндағы эстакаданың ұзындығы - 186 метр. Жол айрық 80 процентке дайын.

Қайрат Анарбаев, қалалық мобильділік басқармасының бас маманы:

– Алдағы уақытта Рысқұлов даңғылынан тәулігіне 80 мың автомобиль, ал, Емцов көшесінен 40 мыңға дейін көлік ағыны өтеді деп жоспарлап отырмыз. Осылайша кептелісті азайтамыз деп ойламын.

Метроның «Сарыарқа» мен «Бауыржан Момышұлы» бекеттері пайдалануға берілетін күнде алыс емес. Жаңа бекеттер іске қосылса метромен жүретін жолаушылар ағыны күніне 30 мыңнан 86 мың адамға дейін ұлғаяды.

Авторы: Аршын Кемелжан