«Қазақтелеком» шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп келеді

Алматы облысының 160-қа тарта елді мекені кеңжолақты интернетке қосылды. Бұрын ауыл тұрғындары 2G байланысын қолданса, енді 4G іске қосылды. Әлеуметтік желі де қолжетімді. Ғаламтор ауылдық жерлердегі шағын кәсіпкерлікті дамытуға да септігін тигізіп отыр.

Ақбастау ауылының тұрғыны Әли Әлиев 20 жылдан бері шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Ол қылқанжапырақты ағаштар мен сәндік өсімдіктер өсіреді. Елді мекенге кеңжолақты интернет келгелі оның табысы екі еселене түсті. Оның үстіне ғаламтор арқылы шырша мен гүлді күтіп-баптаудың сырына қанықты. Қазір ол баптаған жасыл желекке тапсырыс көп.

Әли Әлиев, жеке кәсіпкер:

– Бүгінгі күні «Қазақтелеком» компаниясы қосқан жағары жылдамдықтағы интернеттің пайдасын көріп отырмын. Үздіксіз жұмыс істеп тұр. Ешқандай қиындық жоқ. Былтырдан бері екі мыңға тарта гүл мен ағаш көшетін сатыппыз. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Қазір бизнесіміз жақсы жүріп жатыр. Бұдан былайда осы интернет кәсіпкерлікті дамыту туралы жоспарымыз бар.

Талшықты-оптикалық жүйеге қосылған көп ауылдың бірі – Ақбастау. «Қазақтелеком» бұдан өзге Алматы облысында 159 елді мекенге жоғары жылдамдықтағы интернет қосты. Сонымен қатар, оператор радиокөпір технологиясын пайдалана отырып, базалық станцияларын орналастырды.

Болат Ерекешев, «Қазақтелеком» АҚ Бас техникалық директоры:

– Бастапқы жоба бойынша 828 ауылды қамтуымыз тиіс болған. Соның 159-ы Алматы облысында. Жоба 3 жылдан брі жүзеге асып келеді. Биыл аяқталады. Осы ауылға кеңжолақты интернетке былтыр қостық. Оған дейін мұнда деректерді беру жылдамдығы секундына 512 гигабит қана болатын. Ал, қазір секундына 30 мегабитке жетті

Қазір Ақбастау ауылында 80 үй кеңжолақты интернетті пайдаланады. Одан бөлек ауылдағы әлеуметтік нысандардың барлығы GPON технологиясының көмегімен магистральді талшықты-оптикалық жүйеге қосылды. Талшықты-оптикалық желі-бұл бір сымды қолдана отырып, бірнеше қызметті атап айтқанда, цифрлық телевидение мен IP-телефонияны қолдануға мүмкіндік береді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев