Оралдағы әуежайға М.Мәметова есімі беріледі

Орал халықаралық әуежайы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімімен аталатын болды.

Облыстық мәслихат сессиясында көтерілген ұсынысты депутаттар бірауыздан қолдады. Қазақтың қаһарман қызы, әйгілі пулеметші Мәншүк Мәметова қазіргі Бөкей Ордасы ауданында дүниеге келген. Невель үшін болған қан майданда ол өзі бекінген төбені жаудан қасық қаны қалғанша қорғап, жетпістен астам жау сарбазын жер жастандырды. Осылайша, ерліктің өшпес үлгісін көрсетті. Айта кету керек, қазір халықаралық әуежай аумағында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Әбден тозған терминал қазір жабық. Бұған қоса әуежайдың бұзылған ескі ғимаратының орнына жаңасы салынады. Терминал толықтай жаңғырған кезде оның өткізу мүмкіндігі сағатына 300 адамға, ал жолаушы тасқыны жылына 300 мың адамға дейін артады деп жоспарланып отыр.