Қытайдан Еуропаға жүк қалай жеткізіледі?

Лянь-юнь-ган қаласындағы Қазақстан мен Қытайдың бірлескен логистикалық терминалы арқылы 7 жылда 1,5 миллион контейнер өтті. Сары теңіздің жағалауында орналасқан бұл айлақ Шығыс Азиядан Қытай мен Қазақстан арқылы және кері бағытта тауар тасымалдайтын басты хаб болып саналады.

Әлемдегі ең ірі логисткалық базалардың бірі қалай жұмыс істейді? Қытайдан қазақстандық теміржолмен Еуропаға жүкті қанша уақытта жеткізуге мүмкіндік бар?

Бұл  – Сары теңіз. Дәл осы су айдынының жағасында орналасқан Ляньюньган порты арқылы бүгінде миллиондаған тонна жүк Жапония мен Оңтүстік Корея елдеріне жіберіледі. Ал құрлық арқылы Қазақстанға, жалпы, Орталық Азияға одан әрі Еуропаға жол тартады. Ляньюньган бүгінде Қытайдағы ең ірі он порттың қатарына кіреді. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы қолға алынғаннан кейін бұл жоба осы порт арқылы жүзеге асырыла бастады. Осылайша Қазақстанның теңізге шығар жолы пайда болды.

7 жылда логистикалық база арқылы бір жарым миллионға жуық контейнер өтті. Мұндағы жұмыстың басты бөлігі автоматтандырылған. Тек екі жүк тиеушіні операторлар басқарады. Қалған жұмыстың бәрі монитор алдында істеледі. Бірлескен кәсіпорын теңіз бен құрлық арқылы халықаралық жүк тасымалымен айналысады. Мұнда экспорттық тауарлар жедел кедендік рәсімдеуден өте алады.

Чжу Сянъян, «Ляньюньган айлағы компаниялар тобының» Президенті:

– Теңіз бағдарларымыз көп. Олардың жиілігін арттыруды көздеп отырмыз, осыған байланысты бәсеке де өседі. Алтынкөл станциясында құрғақ айлағымыз да бар. Сондықтан қазақстандық кәсіпкерлердің бір артықшылығы бар. Олар қазақстандық қызметкерлер істейтін  Ляньюньгандағы терминалмен құрғақ айлақ арқылы немесе тікелей байланыса алады. қазақстандық кәсіпкерлерге тиімді логисткалық шешімдер әзірлеуге қолдау көрсетуге дайынбыз.

Бизнеске қолайлы жағдай жасау мен транзит мүмкіндіктерін арттыру мақсатында шекараның қазақстандық жағында құрғақ айлақ салынды. Алайда отандық экспортерлер өз өнімін Қытайға шығаруда үнемі бөгеттер мен шектеулерге тап болады. Әсіресе теміржолмен жүк жеткізу қиын.

Чжу Сянъян, «Ляньюньган айлағы компаниялар тобының» президенті:

– Теңіз тасымалының құны 4 есе өскендіктен, Қытай - Еуропа бағдарына ауыртпалық түсіп отыр. Әсіресе Қытайды Қазақстан мен Еуропамен байланыстыратын бағдармен тасымалдау қиындап кетті. Қазақстан жағынан көліктің кептелуі Хоргос пен Алашанькоу өткелдері орналасқан өңірде коронавирустың өршуі себеп болоды деп ойлаймын. Қытай үкіметі індетке қарсы қатаң шаралар қабылдайтыны белгілі. Әрине бұл жұмыс тиімділігіне әсер етеді. Эпидахуал түзелгенде шекарадағы жағдай да жақсаруы тиіс. Бұл жөнінде нақты мәліметім жоқ, бірақ ондай мәселе болса, құрғақ айлақ пен мемлекеттік органдарға жүгініп, оны бірлесіп шешуге дайынбыз.

Теміржолмен тасымалданатын жүк тым көп болғандықтан Шығыс Азиядан Орталық Азияға жөнелтілген тауарлар терминалдан шыға алмай отыр. Айта кету керек, Ляньюньган – қазақстандық бидайды Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияға экспорттауға рұқсаты бар Қытайдағы жалғыз айлақ. қазіргі тұста логисткалық база арқылы Вьетнам мен Малайзияға 60 мың тонна астық жеткізілді деген мәлімет бар. Алайда пандемия салдарынан бұл жұмыс тоқтап қалды.

Цзо Сюэмэй, «Ляньюньган қаласы Қытай-Қазақстан халықаралық логистикалық компаниясының» Бас директоры:

– Қазір қазақстандық бидайды қайта экспорттауға болады. Алайда Оңтүстік-Шығыс Азия елдері оны қабылдай ала ма? Компаниямыз бұл сауалды зерттеуі керек. Өйткені пандемияға байланысты шекараны өту қиындап кетті.

Қазақстан аумағы арқылы теміржолмен Ляньюньганнан Еуропға тауарды не бары 18 күнде жеткізуге болады. Қазір компания Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдауды игере бастады. Бұл бағдармен жүк екі аптадан сәл асатын уақытта жетеді.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева