Елімізде марафоншылар қатары артты

«100 шақырым+» жаппай жүгіру челленджі еліміздгі марафоншылардың көбеюіне сеп болады. Мәселен онлайн жарысқа қатысып жүрген Ақтөбе облысының Хромтау қаласы тұрғыны Медет Сағындықов алдағы уақытта ұзақ қашықтыққа жүгіруді жоспарлап  отыр. 

Заманауи технологиялар қашықтық пен жүгіру жылдамдығын бақылап қана қоймай, еліміздің кез-келген тұрғынына бұқаралық жарысқа қатысуыға жағдай жасап отыр. Онлайн үрдістің тиімділігін Медет Сағындықов та құптайды. Республикалық марафонға интернет қосымшасы арқылы тіркеліп, спорттағы жетістігін байқауға бел шешкен. Себебі ыңғайлы аяқ киім алып, стадионға келуіне денсаулығының сыр бергені себеп болған.

Медет Сағындықов, спортшы:

– Сол ауырып қалғаннан кейін өзімнің денсаулығымды дұрыстаймын деп жетісіне 1-2 рет жүгіруге шыққан болатынмын. Сол әдетке айналып кетті. Содан жүйелі түрде жүгіріп, қазір денсаулығым жақсы.

Марафон басталғалы Медет Сағындықов 65 шақырымды артқа тастаған. Тиісті межеге қазанның соңына дейін жетуді көздейді. Республикалық челлендж қорытындысы шыққанша тағы 100 километрді еңсеру ойда бар. Осы уақыт аралығында әуесқой спортшыны қолдап, бұқаралық жүгіруге қосылған жандар да табылды. Мәселен Аслан Байтөбетов жүгіруге шығам деген көптен бергі жоспарын жүзеге асыруда.

Аслан Байтөбетов, Хромтау қаласының тұрғыны:

– Ағам Медеттің жүгіргені маған қамшы болды. Мына марафонның өтіп жатқандығын айтқан да сол. Көпшілікке қосылып, спортпен белсенді шұғылдануды жөн деп шештім. Ал бір жарым миллион теңге ұтыс ынталандыру сыйақысы деп ойлаймын.

Әуесқой спортшылардың айтуынша, жүгіру – спорттың ең тиімді түрі. Себебі ол үшін тек ыңғайлы аяқ киім мен ықыластан өзге еш нәрсе қажет емес. Ал деннің саулығына тікелей себепші екендігіне кейіпкеріміздің өзі көз жеткізген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев