Шымкенттіктер заңсыз құрылысқа қарсы шығуда

Шымкенттегі мектеп стадионының орнына медициналық орталық тұрғызу ісі заңсыз деп танылды. Қызылжар тұрғын үй алабының халқы ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінен оң жауап алды. 

Қазіргі таңда салауатты ұрпақ саулығына арналған алаң сүріліп, аумағы түгел қоршалған. Кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бір ай бұрын бастап қара жерді қазып тастаған. Орнына заманауи аурухана тұрғызбақ екен. Алайда бұл жұмыстар бүгін тоқтап тұр.

20 мыңнан астам тұрғыны бар Қызылжарлық ағайынның жан айқайы бұған дейін де арнамыздан айтылды. Бұл сол кездегі спорттық алаңның көрінісі. Араша сұрап, қақпаған есігіміз қалмады деген халықтың өтінішіне мардымды жауап болмаған. Бос сөз бен құрғақ уәде шаршатты деп ашынады.

Кеңес Жақиябеков, Қызылжар тұрғын үй алабының тұрғыны

– Істеп жатқандардан сұрасаң ұшына жетпейсің. Анау-мынау айтты деп сонымен білгенін істеп жатыр. Бізге өте ауыр тиіп жатыр. Естіп біліп жатырмыз. Көріп жатырмыз заңсыз екенін. Олар белден басып тайраңдап жүр.

Мектеп стадионының медициналық орталыққа берілуін еліміздің Жер ресурстарын басқару комитеті заңсыз деп таныған. Жіті зерделеудің арқасында бұл алаң спорттық бағытта қолданылуы тиіс.

Мұрат Теміржанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы:

– Әкімдік аталмыш олқылықты өз тарапынан жойған жоқ. Не үшін жоймағаны да белгілі. Себебі азаматтық-құқықтық мәміле жасалды. Сондықтан комитет қолданыстағы ережеге сәйкес сот органына талап – арыз берді. Жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылуы тиіс. Немесе бастапқы жағдайға келтіріледі.

Бұған дейін жергілікті билік өкілдері Қызылжарлық ағайынға жаңа емхана қажет екенін хабарлаған еді. Алайда заманауи алып медициналық орталық тұрғызуға бұдан өзге орын таппаған. Ал бұл жолы жауап беруден бас тартты.

Тоқтағұл Қалматов, Қызылжар тұрғын үй алабының тұрғыны:

– Қазақстанның жері кем бе? Басқа жерге барып салмай ма? Мына жерде балаларымыз ойнайды. Бұны тексеретін адамның өзі жоқ. Махинация жасап жатыр.

Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспектордың мәліметінше, кәсіпкер медициналық орталықтың құрылысын әрі қарай жалғастыра алмайды. Жақын арада сот жерді қайтадан мемлекет балансына қайтаруы тиіс көрінеді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов