Петропавлда мәдениет үйі жабылып қалды

Петропавлда қалалық мәдениет үйі жабылды. Өткен ғасырда салынған нысанның әбден тозығы жеткен. Қазір төбедегі тіреуі мен шатырын ауыстыру керек. Мұндағы үйірмелер басқа жерге көшіп кеткен.

Мәдениет үйі 1931 жылы пайдалануға берілді. Ғасырға жуық тарихы бар нысанға 10 жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ биыл төбедегі тіреу майысыпты.

Жұмаш Тұрсынбаев, күзетші:

– Үстіңгі қабатта звукооператордың кабинетінде болды. Бөрене құлады. Бастықтар келіп, жұмысты тоқтатты. Ана жақтағы домбыраларды мында көшірдік.

Акт залындағы көрініс осы. Мұндағы барлық концерттік құрылғылармен орындықтар сыртқа шығарылған. Ал қызметкерлердің өзі ішке артқы есіктен кіреді.

Қалалық мәдениет үйінің бос тұрғанына біршама уақыт болған. Мұндағылардың айтуы бойынша екінші қабатқа көтерілуге рұқсат жоқ. Дегенмен ешқандай белгі орнатылмаған. Ал мұндағы есіктерге мөр басылған.

Әкімдіктегілердің сөзінше нысан жабылғанымен балалардың үйірмелері тоқтаған жоқ. 500-ден астам адам қазір жалдамалы ғимараттарда дайындалуға мәжбүр. Түсірілім кезінде мәдениет саласының мамандары күш көрсетпек болды. Сыртқа шығуымызды талап етіп, тіпті полиция қызметкерлерін де шақыртты.

Осылайша мұндағылар бізге іште жүру қауіпті екенін ескертті. Соған қарамастан әртістердің ғимараттың ішінде жүргенін байқадық. Төтенше жағдай тамыз айында болды. Енді қаржы бөлінсе, шатыр да ауыстырылады. Ол үшін шамамен 105 миллион теңге қаржы қажет.

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

– ПЗД істелінді. Ол экспертизада жатыр. Экспертиза алғаннан кейін біз осы ДК-ны ремонттаймыз. Облыстық бюджетке қаражат жаздық.

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 266 мәдениет үйі бар. Оның 20-ы биыл қалпына келтірілді. Тағы 23-і жөндеуді қажет етеді.