434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Павлодарда жері үкімет қажеттілігіне өтіп кеткен үй иелеріне өтемақы берілмей жатыр

  • 128
  • UPD: 23:03, 21.10.2021

Павлодарда жекеменшік сектор тұрғындары тығырыққа тірелді. Бұл ауданда көп қабатты үйлер салынады. Сондықтан жер мемлекет қажеттілігіне өтіп кеткен. Ал тұрғындарға төленуі тиіс өтемақы әлі жоқ. Қыс қыр астында. «Баспана да күн санап қымбаттап жатыр» дейді жұрт.

Кузнецовтар отбасы үйдің 16 миллион 700 мың теңгеге бағаланғанын айтады. Өздері бұған келісіп отыр. Қазір басқа баспана іздестіріп жатыр. Жиырма жыл бойы мекен еткен қара шаңырағын қимаса да көшуге  мәжбүр.

Александр Кузнецов, зейнеткер:

- Бұл үш ай бұрын болған әңгіме. Баға күннен күнге шарықтап барады. Менің есептеуімше, 30 процентке өсті. Барлық дүние қымбаттап жатыр. Мен екі рет үй іздедім. Адамдар бізді күтіп отырмайды ғой. Лезде сатылып кетіп жатыр. Осындай күрделі жағдайға тап болдық. 

Бұл жерлер мемлекет қажеттілігіне деп алынған. Орнына көп қабатты үйлер түседі. Жекеменшік үй иелері қыс мезгіліне дайындалмапты. Өйткені жергілікті билік өтемақыны жуық арада төлейміз деп уәде берген.

- Сказали нам, что будут убирать дома. Зачем нам здесь стараться. Всё продали, как говорится. На колёсах спим, колеса поставили вместо койки. Надо готовиться уже к зиме, а мы не знаем что нам делать. Или покупать уголь и дрова, или ждать деньги.

Қалалық әкімдік үйлері бұзылатын тұрғындар қысқа қалмай көшірілетінін атап өтті. Бөлінетін қаржы қалалық мәслихаттың сессиясында бекітілген. Көп ұзамай олардың есеп-шоттарына аударылады.

Арсен Мамықанов, қалалық  жер қатынастары секторының бөлім меңгерушісі:

- Біз қазір сессия қорытындысының жүзеге асуын күтіп отырмыз. Қаржы біздің жер қатынастары бөліміне түсуі керек. Менің ойымша, екі - үш аптадан кейін тұрғындар өтемақыға қол жеткізеді.

Бес үйге қазынадан 70 миллион теңге бөлінбек. Жалпы «Достық» шағын ауданы үшін тағы 700 жер телімі мемлекет қажеттілігіне алынатын болады.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы