Жайықтың тартылуы балық шаруашылығына кесірін тигізді

Жайықтың жайы балық шаруашылығына да соққы болды. Биыл күзгі тартым көңіл көншітпейді. Бұл Атырау облысындағы мыңдаған балықшының басты проблемасы. Жайық-Қиғаш өзені мен Каспий теңізінен балықшылар квотамен 30 мың тонна су маржанын теруі тиіс еді. Алайда орындалғаны үштің біріне жетпейді. Себебі өзен тартылып, ұлы теңіз арнасы алыстап барады.

Жылда бұл мезгілде облыс балықшылары жылдық қорын жинап алатын. Бірақ биылғы кәсіп нәсіпсіз болғалы тұр. Ала жаздай айдынға ау жайған кәсіп иелері еңбектерінің еш кеткеніне налиды. Басты себеп өзенде су тапшы болғандықтан балық түспей тұр.

Ғаббас Мұратов, балықшы:

- Жаңағы 30 келі балықтың шамасы 250 метр ауға шығып тұрғаны балық. Ол кәсіп болмайды. Күнбе күнгі жағдайымыз осындай. Бұрын 4-5 тонна шығатын. Былтырлар жақсы еді ғой биыл осындай. Кәсіпсіз қаламыз, су болмаса.

Жайық өзені бойындағы 15 тартым орнында 11 кооператив кәсіп етіп отыр. Бірақ түсім нашар. Су деңгейінің төмендігінен бұрын балық ауланатын кейбір тартым жабылып қалған. Барының өзі көңіл көншітпейді. Ал Каспий теңізіне шығуға жол жабық. Жарты метрге дейін таяздаған теңіз тамағынан өту мүмкін емес.

Амангелді Ахтанов, Дамбы балық қорғау инспекциясының бас маманы:

- Қарап отырсаңыз, биыл Жайықтың деңгейі 2 метрдей түсіп кетті. Он күн бұрын солтүстіктен соққан желдің бағытынан Жайықта да, теңіз де су деңгейі өте төмендеді. Осы жерден теңіз тамағына қарай қайықтарға шығуға мүмкіндік жоқ  үлкен карабльдер де кішкене қайықтар да шыға алмай тұр. Су себеп болып тұр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

Квота бойынша Атырау балықшылары Жайық, Қиғаш өзендерінен 30 мың тонна су маржанын теруі керек еді. Бірақ әзірге ауланған балық көлемі 8 мың тоннадан аспайды. Алайда, бұл осы күзгі көктемгі тартым. Ендігі балықшылардың басты үміті 2022 жылдың көктемі. Бірақ су деңгейі көтерілмесе, ол үміт те ақталмайтын сыңайлы.

Жайық-Қиғаш бойын мекендеген 17 балықшы кооперативінде мыңдаған адам нәпақасын айырып келген еді. Бағалы бекірені айтпағанның өзінде Каспийдің қаракөзі мен көксеркесіне шетелден сұраныс әлі күнге жоғары. Тек сол тапсырысты орындауға табиғат мүмкіндік бермей тұр.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев