Қарағанды облысы Қызылқайың ауылына жайылым жер жетіспей жатыр

Қарағанды облысындағы Қызылқайың ауылының тұрғындары жайылымнан таршылық көріп отыр. Ауылдағы ағайынның көбі бірнеше жыл бұрын мемлекеттен несие алып, мал басын көбейтуге көшкен. Алайда елді мекен маңындағы жайылым жер жекенің меншігіне өтіп кеткен. Иесі биыл егін егуді бастапты. Ал несиесін жаба алмаған жұрт жиған-тергенін сатуға мәжбүр.

60 проценті осы ауылдың бағдарлама бойынша несие алған. Енді мал жаятын, шабатын жер жоқ. Ешкім жұмыс істемейді, тек малмен отыр. 

Бұл Бұқар жырау ауданына қарасты Қызылқайың селолық округындағы тұрғындардың басым көбінің мәселесі. Әкімдік алдына жиналған ел «мал жаятын жер қалмады» деп ашынады. Расымен, ұсақ мал қоқыс полигонында, ірі қара ауылдан 10 шақырым жерде жайылып жүр.  Мал иелері «төрт түлік егінге түсіп кетпесін» деп алаңдап отырады.

Дастан Мәді,  ауыл тұрғыны:

- Бірінші рет айыппұл бойынша бірінші рет менің жылқыларым түскен кезде салынды. Алғашында ескерту болды, ақшалай келістік. Ақшалай қанша екенін айтпасам да болады. Екінші рет участковый келіп, 9 мыңдай болды. Жылқылар түсіп кеткен. Енді келесі жылы мүмкін табынды тоқтатамыз деп отырмыз. Жайылатын жер жоқ, бүкіл жерді жыртып тастаған.  

Ауылда 1500-ге жуық халық тұрады. 4 бірдей табын бар. Тек ірі қараның басы 700-ге жуықтайды екен. Жылқы мен ұсақ мал тағы бар. Қазір  шабындық жердің мәселесі де өткір болып тұр.

Бақтыбек Ахмади, ауыл тұрғыны:

- Мал жаятын жер жоқ ауылда. Березняк болсын, Тасауыл болсын жердің бәрін жыртып тастады ғой. Ал қай жерге жаяды. Мына кісілердің көбі тіпті шөп сатып ала алған жоқ. Бәрін жыртып тастады ғой. 

Қызылқайың округінде ресми тіркелген 38 шаруа қожалық бар. Оның тек 18-і кәсібін дөңгелетіп отыр. Қалғандары ауыл маңындағы 30 мың гектарға жуық жерді жалға алып, оны кәдеге жаратпаған.   

Қайрат Нұрғалиев, Қызылқайың селолық округінің әкімі:

- Приватизацияға ілініп, жердің көбі 20 жыл бұрын сатылып кеткен. 49, 99 жылға бұрынғы басшы, агрономдары алған. Егер мына жерлерді жасамаймын деп қайта тапсырса мен өз атымнан ауданға хат жолдаймын. Олар не аукционға қояды, не ауыл меншігіне береді. Мен сол жерден бұзау жайылымын жасаймын.

Арман Дардақов, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:

- Шаруа қожалықтарының жер телімдерін тиімсіз пайдаланған жағдайлары анықталған. Оның жалпы көлемі 6700 гектарға жуықтайды. Осыған байланысты актілер дайындалып, біздің жер инспекциясына тапсырылады. Кейін мемлекет қажетіне алынатын болады. 

Бүгінгі күні аталған ауылдың жайылымына кемі 30 мың гектар жер қажет дейді аудан әкімдігі. Халық игілігінде тек 4,5 мың гектардан астам жер бар. Әкім орынбасары айтқан 6700 гектар жер қайтарлыған күннің өзінде жайылымның жері айтарлықтай кеңімейді. Ал мақсатсыз пайдаланылған жерді билік қашан мемлекет меншігіне қайтарып, халық игілігіне беретіні белгісіз.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев